Депутат Қазақстанда энергетик сусындарға толық тыйым салу мәселесін көтерді

Депутат Қазақстанда энергетик сусындарға толық тыйым салу мәселесін көтерді
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, елге әкелуге және сатуға толық тыйым салу мүмкіндігін зерделеу ұсынылды. Мұндай бастаманы Құрылтай депутаты Мақсұт Насибулов көтерді, деп хабарлайды Massaget.kz.

Депутат не ұсынды?

Мақсұт Насибулов премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында энергетиктерді сатуға қатысты жас шектеуінің сақталуын тексеруге, сусындардың денсаулыққа әсерін зерттеуге, құрамы мен жарнамасына бақылауды күшейтуге шақырды.

Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары энергетикалық сусындар тұтыну нарығының тұрақты бөлігіне айналды. Олар жұмысқа қабілеттілікті және дене белсенділігін арттыратын өнім ретінде белсенді жарнамаланады. Алайда тұтынушылар мұндай сусындардың құрамы мен оларды тұрақты ішудің ықтимал салдары туралы жеткілікті біле бермейді.

«Энергетиктерге кәдімгі жеміс шырыны немесе компот сияқты қарауға болмайды», – деді депутат.

Ол сусындардың құрамындағы кофеин мен басқа да ынталандырушы компоненттерге назар аударды. Дәлел ретінде Еуропалық азық-түлік қауіпсіздігі агенттігінің ұстанымын келтірді. Депутат келтірген мәлімет бойынша, тәулігіне 100 миллиграмм кофеиннің өзі ұйқыны бұзуы мүмкін.

Насибулов сауалында бұған дейін БАҚ-та жарияланған бірнеше жағдайды да мысалға алды. Былтыр маусымда Павлодарда 20 жастағы жігіт ауыр жүрек жеткіліксіздігімен жансақтау бөліміне түскен. Жарияланымдарға сәйкес, ол екі жылдай күн сайын төрт құтыға дейін энергетик ішкен. Дәрігерлер оған токсикалық кардиомиопатия диагнозын қойған.

Сол жылдың желтоқсанында Алматыда 34 жастағы науқасқа жүрек ауыстырып салынған. Ер адам күніне 8–10 энергетик ішкен.

Депутат түркиялық дәрігерлердің ғылыми жарияланымын да атап өтті. Онда энергетикалық сусындарды тұтынғаннан кейін 14 жастағы баланың жүрегі қатты зақымданған жағдай сипатталған.

Қазір қандай шектеулер бар?

Насибулов 2025 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанда 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынғанын еске салды. Ал 2026 жылғы қаңтардан бастап бұл өнімдерге акциз енгізілген.

Алайда Энергетикалық сусындар өндірушілері мен импорттаушылары қауымдастығының дерегінше, сату көлемі артып келеді. 2023 жылы елде 215 миллион литр энергетик сатылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 355 миллион литрге жеткен. Осылайша екі жылда сату көлемі 65 пайызға өскен.

Халықаралық Statista компаниясы сарапшыларының бағалауынша, 2025 жылы Қазақстандағы энергетикалық сусындар нарығының ақшалай көлемі 93 миллион долларға жеткен.

«2026 жылдың қорытындысы бойынша да саладағы сату көлемі тек өсетініне сенімдімін», – деді депутат.

Энергетиктерге қандай шектеулер енгізу ұсынылды?

Насибулов Үкіметтен 21 жасқа толмағандарға энергетик сатуға тыйым салу талабының орындалуы туралы деректер ұсынуды сұрады. Атап айтқанда, депутатты тексерулердің нәтижелері, анықталған заңбұзушылықтар және интернет арқылы сатуға жүргізілетін бақылау қызықтырады.

Сонымен қатар ол энергетикалық сусындардың денсаулыққа қаупін жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерттеуді ұсынды. Депутат жас шектеуі мен акциздердің енгізілуі неліктен тұтыну көлемін азайтпағанын анықтауға шақырды. Сондай-ақ Қазақстанда сатылатын энергетиктердің құрамындағы кофеин мен басқа да компоненттердің нақты мөлшерін тексеруді, қаптамалардағы ескертулердің жеткіліктілігін бағалауды cұрады. Бұған қоса, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жарнамасына қатаңырақ шектеулер енгізу мәселесін қарастыру қажет екенін айтты.

Насибулов энергетиктер нарығын реттеудің халықаралық тәжірибесін зерделеп, соның негізінде жаңа заңнамалық шаралар әзірлеуді де назарға алу мәселесін көтерді. Олардың қатарында мұндай сусындарды Қазақстанда өндіруге, елге әкелуге және сатуға толық тыйым салу мүмкіндігі де бар.

Еске салайық, энергетиктерді 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салу туралы 2024 жылғы наурызда айтыла бастаған. Сол кезде сусындарды автоматтар арқылы сатуға және жарнамалауға да тыйым салу жоспарланған еді. Маусымның басында Мәжіліс депутаттары энергетиктерді сатуға шектеу енгізетін түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Ал шілдеде заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай
Logotype Massaget