- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутат Қазақстанда бала...
Депутат Қазақстанда бала асырағысы келетіндерге ай сайын 1 миллион теңге бөлуді ұсынды
Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Қазақстанда бала асырап алғысы келетіндерге жасанды кедергілер бар екенін, бұған балалар үйіндегі әр балаға мемлекеттен айына 1 миллион теңге бөлінетіні себеп екенін айтты. Ол бұл ақшаны бала асырап алғысы келетін отбасыларды қолдауға бағыттауды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат сауалын Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдады. Қарақат Әбденнің сөзінше, жетімдер үйінде қанша жерден қолайлы орта жасалса да, отбасы мен үй тәрбиесіне ештеңе жетпейді. Ол бұл тақырыпты біраздан бері зерттеп жүр екен.
"Дана халқымыз ежелден-ақ "Жетім көрсең, жебей жүр" деген ұлағатты сөзді ұстанған, жетімін жылатпаған. Болмысынан балажан, бауырмал халқымыз жетімді әрқашан қолдап жүрген. Қазіргі кезде де ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар біздің қоғамның ең бір әлсіз санатына жатады. Кішкентай кезінен өмірдің ащысы мен тұщысын татқан бүлдіршіндер қамқорлыққа, мейірімге мұқтаж.Жетімнің панасы – ел демекші, біз ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтендіруге, оларды отбасы жағдайында тәрбиелеу мәселесіне көбірек көңіл бөлуіміз қажет. Қанша жерден жетімдер үйінде қолайлы орта жасалса да, отбасы мен үй тәрбиесіне ештеңе жетпейді. Бұл мәселені мен ұзақ уақыттан бері зерттеп жүрмін. Жетімдер үйіндегі балалардың жайы маған жақсы таныс. Отбасы жағдайында тәрбиеленген балалар қоғамға, үлкен өмірге тез бейімделетіні белгілі. Деректерге сүйенсек, балалар үйінен шыққан жандардың тек 10-15 пайызы ғана заман көшіне ілесе алады, ал өмірде өз орнын таба алмай жүрген жетімдер қаншама", - деді ол.
Депутат осы себепті мемлекет балалар үйінің санын азайтып, біртіндеп жабуға немесе олардың форматын толықтай өзгертуге мүдделі болуы қажет екенін айтты. Ол оның орнына елімізде бала асырап аламын деушілерге көбірек жағдай жасаған дұрыс деп есептейді. Депутаттың айтуынша, ал Қазақстанда бала асырап алғысы келетіндерге жасанды кедергілер бар екен, өйткені әр балаға мемлекеттен айына 1 миллион теңге бөлінеді.
"Бұл мәселе Мәжіліс төрінде бірінші рет айтылып жатқан жоқ. Жалпы, балалар үйі жетімдерді әлеуметтендіру бойынша тиімді жұмыс істей алмай отырғаны жасырын емес. Сондай-ақ көп жағдайда балалар үйінің жетекшілері балаларды асырап алғысы келетіндерге немесе патронаттық отбасыларға беруге ниет білдірмейді. Бас прокуратура мен Бала асырап алу жөніндегі агенттік тарапынан жүргізілген тексерістің нәтижесінде тіпті бала асырап алуға қарсы жасанды кедергілерді ойлап тапқан жетекшілер де анықталды. Өйткені әр балаға мемлекеттен ақша бөлініп отырады және ол аз ақша емес. Мысалы, балалар үйіндегі бір бүлдіршін үшін мемлекеттен айына 1 милллионға жуық қаражат беріледі. Осы қаражатты бала асырап алғысы келетін отбасыларды қолдауға бағыттасақ, бала үшін бұл әлдеқайда пайдалы болары анық", - дейді ол.
Қарақат Әбден бұған қоса, 2019 жылдан бері айтылып келе жатқан фостерлік отбасы жобасы әлі де толыққанды іске қосылмағанын айтты.
"Қазіргі кезде жетімдер үйінің саны азайып келеді. Еліміз бойынша қазір сәбилер үйінде 707 бүлдіршін тұрып жатыр, ал балалар үйінде 4916 тәрбиеленуші бар. Бұрынғы кездермен салыстырғанда, бұл біршама жақсы көрсеткіш. Енді осы үрдісті бәсеңдетпей балаларды отбасыларға орналастырудың жолдарын дамыту керек. Қазір жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыға берудің бірнеше формасы бар: бала асырап алу; қамқоршылық; патронаттық тәрбие; патронаттық жанұя. Оның қатарында кәсіби немесе фостерлік отбасыларды құру бастамасы да бар. Бұл жоба да еліміздегі балалар үйінің санын азайтуға бағытталғаны белгілі. Осы орайда пилоттық форматта іске қосылған бұл жобаның қазіргі жағдайы қандай? Арнайы дайындықтан өткен фостерлік отбасылардың саны артты ма? Еліміздегі жетім балаларды орналастыруға шамамен 500 фостерлік отбасы қажет деп көрсетілген. Осы межеге қашан жетеміз" деген сұрақтар туындайды.
2019 жылдан бері айтылып келе жатқан фостерлік отбасы жобасы әлі де толыққанды іске қосылған жоқ. Фостерлік отбасыларда жұмыс істейтін мамандар да тапшы. Әрине, бұл бастаманы іске асыру ұзақ дайындықты қажет етеді. Фостерлік отбасы институтын құру үшін ең алдымен қаржыландыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қажетті отбасыларды табу мен оқыту мәселелерін шешу керек. Десе де, бұл ұзақ процестен балалар зардап шекпеуге тиіс. Жалпы, фостерлік отбасылардың пайда болуы – өте жақсы бастама деп ойлаймын.
Ал балалар үйіне келетін болсақ, олардың жұмыс бағытын өзгерту керек деп санаймын. Әрине, жетімдерге пана болған балалар үйін мүлдем жауып тастау дұрыс болмас. Себебі өкінішке қарай денсаулығында кінәрат бар, ауыр науқастарға шалдыққан балалар бар, оларды ешкім асырап алғысы келмейді. Сондай-ақ асырап алған балаларды жетімдер үйіне кері қайтаратын жағдайлар да бар, бұл шамамен 18 пайызды құрайды. Бұл да бала үшін ауыр психологиялық соққы. Демек, балалар үйінің жұмыс жүйесін осындай бүлдіршіндерге көмек көрсететін реабилитациялық орталық ретінде қайта қарастырған жөн", - деді Қарақат Әбден.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан