- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутат Қарақат Әбден...
Депутат Қарақат Әбден әйелдердің көбі басшылық қызметте отырмайтынына ашуланды
Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден гендерлік теңдік мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат гендерлік саясатты іске асыру еліміздегі өзекті бағыттардың біріне айналғанын айтады.
"Халқымыздың 51 пайызын әйелдер қауымы құрайтынын ескерсек, елдегі саяси өмірге де барлық азаматтың тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету маңызды. Әрине, қазір мемлекеттік басқару ісінде, саясатта, бизнесте де әйелдер үлесі біршама артқанын мойындауымыз керек. Жаңартылған министрлер кабинетінің өзінде 4 әйел бар. Шүкір, өткен жылдармен салыстырғанда жақсы көрсеткіш.Бірақ, "бірді көріп "шүкір" айт, бірді көріп "пікір" айт" деген нақыл бар ғой, қазақта.
Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша жұмысты жетілдіруге мемлекет басшысы баса назар аударды. Мәселен, Президент квазимемлекеттік компанияларды басқарудағы әйелдердің үлесін 30 пайызға арттыруды тапсырған еді. Бірақ, әлі күнге дейін мемлекеттік компаниялардың басқарушы санатындағы әйелдердің үлесі небәрі 6-7 процент. Тіпті "Қазақстан Темір Жолы", "KEGOC", "Қазақтелеком" сынды ірі компаниялардың директорлар кеңесінде бірде-бір әйел жоқ", - дейді Қарақат Әбден.
Депутаттың сөзінше, халықаралық ашық статистика индексінде Қазақстан әлемнің 146 елін қамтитын жаһандық гендерлік теңдік бойынша Оңтүстік Африка, Ямайка, Мозамбиктен кейінгі 62-орында тұр.
"Осы орайда, "Ауыл партиясы" барлық жергілікті атқарушы органдар бойынша мәліметтер жинақтады. Мысалы, Түркістан облысын алсақ, әкімнің 5 орынбасары бар, бірақ оның ішінде бірде-бір әйел жоқ. Облыстағы аудан әкімдерінің саны – 17, оның біреуі ғана әйел. Облыста 21 басқарма болса, оның біреуіне ғана әйел жетекшілік етеді.
Бұл көрініс, басқа өңірлерге де ортақ деуге болады. Басшы әйелдердің жалпы үлесі 17,8 пайыз ғана болып отыр. Тіпті ең мықты кадрлар шоғырланған Астананың өзінде бір де бір әкім орынбасарлары жоқ, 5 аудан ішінде әйел - әкім тағайындалмаған", - дейді депутат.
Сонымен қатар, Қарақат Әбденнің сөзінше, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мектептер мен жоғарғы оқу орындарында ұлдарға қарағанда, үздік оқитын қыздар көп.
"Жалпы халықтың 50 пайыздан астам үлесін құрап отырған әйелдер неге басшылықта 50 пайыз орынды алмайды деген заңды сұрақ туындайды. Көп ойланудың қажеті жоқ: Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жолында біз 30 пайызға жетіп, 50 пайызға ұмтылуымыз керек", - дейді депутат.
Осыған байланысты Қарақат Әбден бірнеше ұсыныс жасады.
"Әкімдердің қызметін бағалайтын рейтингке өңірдегі топ-менеджменттегі әйелдердің үлесін анықтайтын көрсеткіш қосылсын. Үкімет тарапынан әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту бойынша нақты бағдарламаларды даярлау қарастырылсын", - дейді Қарақат Әбден.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина