Қазақстанда жылына шамамен шамамен 25 тонна алтын заңсыз өндіріледі. Бұл туралы Сенат депутаты Андрей Лукин айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттық сауал премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды.
"Бас прокуратураның дерегінше, ішкі істер органдары бағалы металдардың заңсыз айналымы мен өндірілуі және ұрлануына байланысты соңғы 4 жылда 133 қылмыстық іс тіркеген. Қазір Қазақстанда алтын өндіретін 42 кәсіпорын бар. Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, 2020-2023 жылдар аралығында алтынның заңсыз айналымы деректері бойынша 7 қылмыстық іс тергеліп, төрт іс сотқа жолданды. Келген шығын 1,5 млрд теңгеден асты", - деді Андрей Лукин.
Ол заңсыз өндірілген алтынды сатып алумен айналысқан қылмыстық топқа тоқталды.
"Бұл алтынды заңсыз алтын іздеушілер тапқан. Оқиға 2023 жылғы қарашада болған. Онда алтын бұйымдары жерасты цехтарында жасалған. Содан кейін белгілі брендтердің атауымен Астана мен Шымкент сауда үйлерінде сатылған. (Қылмыстық топты) тінту барысында 1 келіден аса алтын мен 100 алтын бұйым тәркіленді", - деді депутат.
Андрей Лукин еліміздегі алтын өндірілетін кен орындарында бақылауды күшейту қажетін атап өтті.
"Елімізде заңды түрде өндірілген әрбір 3 тонна алтынға заңсыз өндірілген 1 тонна алтын қатар жүреді. Яғни Қазақстанда шамамен 25 тонна алтын заңсыз өндіріледі. Сондықтан алтын кен орындарына бақылауды күшейту керек. Онда қосымша бейнебақылау камераларын орнату, шахта ұңғыларына талшықты-оптикалық желі байланысын салу, кіру алаңына бақылау жүйесін енгізу, тексеру кешенін пайдалану, қоршау орнату, автоматты түрде анықтау құралын енгізу керек", - деді сенатор.
Аяз Есен
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!