- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутат Ерлан Саиров...
Депутат Ерлан Саиров балықшыларды заңсыз қудалауды тоқтатуды талап етті
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қазақстанда балықшыларды "заңсыз қудалауды тоқтатуды" талап етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол депутаттық сауалын бас прокурор Берік Асыловқа, қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Дмитрий Малаховқа жолдады.
Оның пікірінше, Қаржылық мониторинг агенттігі мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бола тұра, Қазақстанның балық шаруашылығына шабуыл жасап жатыр.
"2023 жылдың қазанынан бастап, Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Атырау облыстарының барлық жерінде балық өнімдерін өңдейтін 9 зауытқа қарсы негізсіз қылмыстық істер қозғалған. Зауыттардың барлығы өнімді экспортқа шығарады. Яғни бухгалтериясы ашық, шыққан өнім кеден арқылы бақыланып отырады", - деді Ерлан Саиров.
Депутаттың айтуынша, отандық балық өнеркәсібі саласы 1300-ге жуық субъектіден тұрады және оған еншілес кәсіпорындарда 500 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
"Балық өнеркәсібі саласы – Қазақстанның дайын өнімді экспорттауға бағытталған бірден-бір экономикалық бағыты.
Балықшылар өңделген балық өнімдерін Еуропалық Одақ, Қытай, ТМД елдеріне, Таяу Шығыс елдеріне, 36 мемлекетке экспорттап отыр. Өткен жылдары шетелге өңделген 30 мың тоннаға жуық балық экспортталды. Еліміздің ішкі жалпы өнімін экспорттық тауарлармен толтырып отырған экономика саласының кәсіпорындарына Қаржылық мониторинг агенттігі салық төлеуден жалтырды деген екі ұдайы айыппен қылмыстық іс ашып қойған", - деді ол.
Салдарынан мемлекетке салық төлеп, мыңдаған азаматты жұмыспен қамтып отырған 9 зауыт жұмысын тоқтатқан әрі олардың іс-жүргізу құжаттары тәркіленген.
"ҚМА-ның әрекеттері еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып отырған экономика саласының жұмысын толық тоқтатуға алып келу ықтималы жоғары. Мемлекетке төленіп отырған салық тоқтап, балық өнеркәсібі, еншілес кәсіпорындарда істейтін мыңдаған азаматтың жалақысының төленбей, зауыттарға шетелден өнімді уақытында жеткізбегені үшін санкцияларға түсу қаупі төніп тұр. Балықшыларды қылмыстық қудалау тоқтатылған жоқ. Мемлекетке экономикалық зиян күннен-күнге артып жатыр. "Шаш ал десе, бас алатын" тексерушілер мен негізсіз тексерулерден балықшыларды арашалап қалуымыз керек. Балықшыларға шабуыл кейбір экономикалық күштердің рейдерлік әрекеттері де болуы ықтимал!", - деді депутат.
Ерлан Саиров бас прокурор мен ҚМА төрағасы мәселеге назар аударуы керек деп санайды.
"Бас прокуратура Қаржылық мониторинг агенттігі балық зауыттарын тексерудерінің заңдылығын анықтауы қажет және қылмыстық істің ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс.
ҚМА ашқан қылмыстық істерге тез арада қажет құқықтық баға беріп, қарастырылып отырған істерді заң аясында әділетті тоқтатуды қажет! Бас прокуратура құқық қорғау органдарының экономика субъектілеріне жөн-жосықсыз шеңгел қолдарын соза беруін тоқтатуға тиіс. Бас прокуратура президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқық қорғау органдарға отандық бизнесті күштеуді тоқтату жөніндегі тапсырмасын толық орындалуын қамтамасыз етуі маңызды!", - деді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Есен