Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев дүкен мен мектеп маңында орналасқан ойын автоматтарын тексеруді сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа жолдады.
Елнұр Бейсенбаев Қазақстанда лудомания өршіп бара жатқанын мәлімдеді.
"Ойынқұмарлық қоғамның ауыр дертіне айналып отыр. Тіпті бұған Президенттің өзі назар аударып, оған шектеу қою туралы нақты тапсырма беруге мәжбүр болды. AMANAT партиясының Мәжілістегі фракциясы депутаттары да бұл мәселені тұрақты көтеріп, заң жобасын даярлады. Жуырда біраз мәселені заң жүзінде пысықтаймыз", - деді ол.
Депутаттың пікірінше, азаматтардың ойынқұмарлыққа салынуына лотерея ойындарының да тежеусіз көп таралуы алғышарт болып отыр.
"Мысалы, Қазақстанда LOTOMatic, LOTOclub деген атаулармен жұмыс істейтін "Сәтті жұлдыз" компаниясынан лицензия алған 2 компания бар. Ашық ақпарат көздерінен белгілі болғандай, екі компанияның да құрылтайшылары - бір адамдар. Біреуі ақылы арнайы лоторея сататын лотоклубтардың жұмысын үйлестірсе, енді бірі елімізге жасыл-сары түсті аппараттарды енгізумен айналысады", - деді Бейсенбаев.
Ол лотоклубтың жұмысы заңмен қатаң шектелетінін, бұл да құмар ойынның бір түрі екенін жеткізді. Бірақ депутат мұнда ойын терминалдарын да назардан тыс қалдырмау керек деген ұстанымда.
"Жасыл-сары түсті терминалдардың еліміздегі ресми саны 5 мыңнан асып жығылады. Яғни әр облыс орталығында кемі 300 терминал бар, бұл - тек ресми тіркелгендері. Бейресми, заңсыз жұмыс істеп жатқан тажал ойын жасыл-сары жәшіктердің есебін ешкім білмейді.
Астананың өзінде мектептен 15-20 метр жерде орналасқан дүкендердің, жертөлелердің кіреберісінде осы ойын автоматтары толып тұр. Бұл ешқандай да лоторея сататын автомат емес, ол - нақты казино автоматтары сияқты қолма-қол ақшамен төленетін және ұтысты бірмезетте алатын ойын автоматтары", - деді ол.
Елнұр Бейсенбаев оқушылар да ойын автоматтарына барып, бәс тігетініне сенімді.
"Бұл ойын автоматтарын кім ойнап жатқанын қадағалайтын не бір адам, не бір мемлекеттік орган жоқ. Бұл автоматтарды торуылдағандардың көбі балалар, оқушылар екені анық. Мемлекеттік органдардың салғырттығынан оңай ақша табамыз деп, өз тағдырын қиратқан балаларымыз отбасыларын да сан соқтырып жатыр емес пе?! Лотерея терминалдарының көбейіп кетуі өскелең ұрпақты ойынқұмарлыққа еліктірумен қатар, түрлі қылмыстардың туындау көзіне де айналып отыр. Ұрлық жасау, жең ұшынан жалғасу, көлеңкелі бизнес және тағы басқасының да түпкі себебі осында жатыр. Бақылаусыз орнатылғандықтан, олардан бюджетке салық та төленбейді", - деді депутат.
Ол ойын автоматтары шетелден жеткізілетінін айтып, оларды елге кіргізуге тыйым салуды ұсынды.
"Ең қызығы, осы ойын автоматтары мен оларға қажет жабдықтар елімізде өндірілмейді, толық шет елдерден тасымалданады. Бұған құқығы бар заңды операторлардан бөлек, түрлі жолмен астыртын тасымалдаушылар да жетіп артылады. Олар кеден арқылы контрабандалық жолмен заңсыз өткізіледі. Тұнып тұрған қылмыстық топтың іс әрекетіне жатады. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, еліміздегі бүкіл лотерея терминалдарына тексеру жүргізуді, сондай-ақ, жеке және заңды тұлғалардың шет елдерден Қазақстан аумағына лотерея терминалдары мен өзге де лотерея жабдықтарын импорттауына толықтай тыйым салу, оларды кеденнен өткізбеуді қолға алуымыз қажет", - деп сөзін түйіндеді Елнұр Бейсенбаев.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жеке адамдардың лотерея ойнатуы қаншалық заңды екені туралы жаздық.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!