- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутат Дәулет Мұқаев...
Депутат Дәулет Мұқаев "Ұлттық киім" күнін бекітуді ұсынды
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Қазақстанда "Ұлттық киім" күнін бекітуді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттық сауал премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолданды.
"Ұлттық киім – ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын, ұлттық кодымызды білдіретін айшықты көрсеткіш. Ұлттық киімдеріміздің мол мұрасымен мақтана алатындай елміз. Басқа киімдерді айтпағанда, бір ғана бас киімнің қазақ халқында 20-дан астам түрі бар. "Ұлттық киімдерді тек наурызда ғана емес, жай күндері де жиі киіп жүруіміз керек" деп Президентіміз де үндеу тастаған еді. Алдағы уақытта ұлттық нақыштағы киім кию дәстүрін тек Наурызбен, акциялармен ғана шектемей, оны трендке айналдыру қажет", - деді Дәулет Мұқаев Мәжілістің жалпы отырысында.
Депутат елімізде "Ұлттық киім" күнін бекітуді керегін атап өтіп, Үкіметке төмендегі шараларды қолға алу керегін айтты:
- Біріншіден, ұлттық киімдерімізді ұлықтау үшін республикалық деңгейде "Ұлттық киім" күнін бекіту. Бұл күн мәдени құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудің негіз болады;
- Екіншіден, мемлекеттік қызметкерлер мен халыққа қызмет көрсететін орталық қызметкерлерінің киімдеріне қазақи айдентика элементтерін қосу;
- Үшіншіден, Ұлттық киім өндіретін отандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, бизнесті қолдауға бағытталған гранттарда ұлттық киім кәсібіне басымдық беру. Халық арасында ұлттық киімді қолжетімді етуге ықпал етіп, сұранысты арттыру;
- Төртіншіден, оқушылар киетін ұлттық киімдер стандартын әзірлеп енгізу, әрі халықаралық түрлі жарыстарға (ғылыми олимпиада, спорт) баратын азаматтардың формаларына міндетті түрде ұлттық нақышты бейнелеу.
Сөз соңында ол депутаттарды ұлттық киімді насихаттауға шақырды.
"Құрметті әріптестер, Парламент төрінде, млн-нан аса оқырманыма да ұлттық нақыштағы киімдерді насихаттап жүргенімді жақсы білесіздер. Осындай үрдісті сіздер де іліп әкетіп, қолдасаңыздар көпке қозғау салады", - деді Дәулет Мұқаев.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz