Депутат Дәулет Мұқаев балалар лагерьлерінің мәселесін көтерді

Депутат Дәулет Мұқаев балалар лагерьлерінің мәселесін көтерді
Фото: pixabay.com

Депутат Дәулет Мұқаев балалар жазғы демалыста баратын лагерьлердегі проблеманы көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат оқу-ағарту министрлігі биылғы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен 1-10 сыныпта оқитын балалардың 85,3 проценті қамтылатынын атап өтті.

"Олардың жалпы саны - 2,8 миллион адам. Соның ішінде жекелеген санаттарға кіретін 500 мыңнан астам бала бар. Республика бойынша демалыс кезінде қала сыртындағы 218 (118 - мемлекеттік, 100 - жеке) және мектеп жанындағы 10,2 мың лагерь өз есігін ашады деп хабарлаған еді. Бұл тек ресми деректер. Ресми деректерге енбей қалған лагерьлер қаншама.

Балалар лагері бүгінгі таңда пайда табудың негізге көзіне айналды. Жаз шықса болды интернет пен әлеуметтік желіні жаулаған түрлі лагерь жарнамалары көз тартады. Бұл лагерьлердің ұйымдастырушылары кім, лагерьдің идеясы қандай, қандай бағдарламаны қамтитыны ешкімді қызықтыра бермейді. Себебі қазір лагерь ашу үшін тек Төтенше жағдайлар департаменті мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына рұқсат алу ғана жеткілікті. Сонымен қатар, лагерь жұмысын бірыңғай реттейтін заң нормасы және стандарттар енгізілмеген. Мемлекеттік мекеме тарапынан нақты бақылау болмағандықтан, кей ата-аналар балаларына лагерь іздеп шетел асыру жағдайлары да кездесіп жатыр. Ел болашағын ойлайтын отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу үшін оларға барынша жағдай жасау біздің басты міндетіміз", - дейді Мұқаев. 

Осыған байланысты депутат бірнеше ұсыныс жасады. 

"Біріншіден, жазғы уақыттарда балалардың сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша бірыңғай талаптар мен ережелерді бекіту керек. Лагерь ұйымдастырушылар міндетті түрде мемлекеттік мекеме тарапынан лагерь мазмұны мен материалдық-техникалық базаларына сәйкес тексеруден өтіп, лицензиялануы керек. Мүмкіндік болса барлық лагерьлер орталықтандырылған бірыңғай сайтта болғаны абзал.

Екіншіден, лагерьлерде бүгінгі таңда маман тапшылығы қатты сезіліп жатыр. Лагерьлердің басым көпшілігінде балаларды қарауға уақытша жұмыс ретінде студенттер тартылып жатады. Өз білімін толық жетілдірмеген студенттер мектеп оқушыларын қалай тәрбиелейді? Сондықтан лагерьде жұмыс жасайтын мамандарға арнайы оқыту курстары ұйымдастырылып, мамандандырылған ұстаздар тартылуы керек.

Үшіншіден, лагерьлер арасында нақты белгіленген баға саясаты да жоқтың қасы. Әр ата-ана баласының жақсы сауықтыру орталықтарына барғанын қалайды. Әйтсе де, көп ата-ананың қалтасына ауыр келетінін ескерсек, бағаға сай сапа болуы керек. Мұны тек мемлекеттік емес, жекеменшік лагерьлерден де талап етілуі керек.

Төртіншіден, Кеңестік идеологиямен санамызға сіңген лагерь сөзін жазғы сауықтыру орталықтары сөзімен ауыстыратын уақыт жетті. Лагерь сөзінің шығу тарихы мен тарихтағы лагерьлердің толқыны тек жаман сипатта екенін білеміз. Аты қорқынышты Карлаг, Алжир лагерьлерінің пайда болу тарихы баршаға мәлім. Сондықтан ұлттық сана-сезімді жаңғыртуда лагерь атауын алмастырудың мәні зор деп білемін. Лагерь емес, жазғы демалыс орны немесе сауықтыру орны дегеніміз жөн", - деді Дәулет Мұқаев. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина