Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов премьер-министр Олжас Бектеновтен артық шығынға жол бермеуді сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, Аудиторлық палатаның ақпараты бюджет қаржысы қалайша есепсіз жұмсалып жатқанын анық көрсетіп отыр.
"Көлік саласының өзінде бір емес, бірнеше мысал мұны дәлелдейді. "БАКАД" жобасының сметасы долларды 575 теңгеден есептеп жасалған. Ал Үкіметтің ресми бағамы - 540 теңге. Осы айырмашылықтың өзі-ақ 2 миллиард теңгенің артық шығынына әкеліп отыр", - деді ол.
Депутаттың пікірінше, "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамына бөлінетін қаржы да күмәнді.
"Жыл сайын 8 миллиард теңге субсидия қарастырылған. Бірақ лизинг шарттары бекітілмеген. Құқықтық тұрғыдан да, қаржылық тәртіп тұрғысынан да құжаты жоқ жобаны қаржыландырудың қисыны жоқ", - деді ол.
Мархабат Жайымбетов шекарадағы өткізу бекеттеріне 2021 жылдан бері мол қаржы бөлінгенін айтты.
"Бірақ жұмыс әлі толық аяқталған жоқ, бюджеттен қайта-қайта қосымша қаражат сұралып отыр. Нәтижесінде 8 жобаның алтауында артық шығын көлемі 26 миллиард теңгеге жеткен. Ал Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы "Қарасу" бекетіне қосымша 6,9 миллиард теңге сұралып отыр. Бірақ ол бойынша сараптама қорытындысы да, жер учаскесіне құқықтық құжаттар да жоқ. Мұндай жағдайда қаржы бөлу ашық талан-таражға жол ашқанмен тең", - деді депутат.
Мәжіліс депутаты бюджет қаржысы күмәнді жобаларға емес, елдің тұрмысын түзеуге бағытталғаны жөн екенін жеткізді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз