Депутат Ермұрат Бапи бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдады. Мәжілісмен клептократия мәселесін көтеріп, бірқатар фамилияны атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжілісменнің сөзінше, Парламенттің төменгі палатасына "халықтық қазынадан қайтарылған активтерге" қатысты көптен күткен заң жобасы келіп түскен. Бапидің пікірінше, депутаттар елдегі әділеттілікті қалпына келтіру құралы саналатын сапалы заң жобасын қабылдауы керек.
"Бұл - түбегейлі және маңызды мәселе. 30 жыл бойы талан-таражға салынған халық байлығын елге қайтаруымыз керек. Ол - кемінде 1510 миллиард доллар. Ал оны қайтаруға міндетті органдар заң қабылданған соң іске кірісеміз деп арқаны кеңге салуға болмайды", - деді депутат.
Бапидің айтуынша, алынған активтер әлемнің түкпір-түкпірінде түрлі схема арқылы жасырылған.
"Бас прокурор мырза, сіз Қазақстанның газын сыртқа сататын Tethys компаниясын білесіз бе? Білмесеңіз әлемдік газ регистріне көз жүгіртіңіз. Tethys-тің иелерінің бірі - Қайрат Шәріпбаевтың қызы. Ал ашық ақпараттың айтуы бойынша, Шәріпбаев Дариға Назарбаеваға телініп жүрген күйеуі екенін білесіз. Осы Tethys фирмасы Қайрат Шәріпбаев басқарған мемлекеттік монополист "КазТрансГаз" ұлттық компаниясының газын сатып келген. Қазір журналист зерттеушілер соңғы сегіз жылда бұл фирма Қайрат Шәріпбаевтың бақылауындағы IPL CONSTRUCTION компаниясы арқылы Батыс банктеріне бірнеше миллиард доллар шығарғаны анықталды. Кейбір ашық ақпараттарда мұның мөлшері 20 миллиард доллар деп жүр. Егер бұл қоғамдық тергеу ісіне елдің Бас прокуратурасы мен тиісті антикоррупциялық агенттер араласатын болса, бұл миллардтардың көлемі мен шыққан төркінін тезірек анықтауға болатын еді. Ол миллиардтар бүгінде байлықтың ғана көзі емес, бұл - билікке қайтадан араласудың мәселесі. Бұл қыруар қаржыға, шынында да, 20 мың терроршы жалдауға болады", - деді депутат.
Сондай-ақ, мәжілісмен қадағалау органының басшысынан "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының құрамынан "Транстелеком" компаниясының Нұрәлі Әлиевке берілуіне баға беруді сұрады.
"Баланс құны 210 миллиард теңге, ал жылдық кірісі 80-90 миллиард теңге болатын ұлттық меншік небәрі 18 миллиард теңгеге сатылды! Компания Әлиевке төлеген дивидендтер былтыр 2,4 миллиард теңге болды. Үлкен көлемде заңсыз төленген ақшаны өндіріп алудың қандай жолдары бар?" - деді депутат Бапи.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!