Құрылтай депутаты Ләззат Қожахметова баланы балабақша кезегіне қою ата-аналарға қиындық туғызатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға депутаттық сауал жолдады.
"Бүгінде балабақшаға кезек мәселесі көптеген ата-ана үшін өзекті. Әсіресе, Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда мектепке дейінгі ұйымдарға сұраныс жоғары. Қазір баланы мектепке дейінгі ұйымға тіркеудің екі жолы бар. Орын болса, бала бірден балабақшаға қабылданады. Орын болмаса, кезекке қойылады. Алайда күту тізіміне тұру үшін ата-ана баланы алдымен басқа балабақшаға тіркеуге тиіс. Соның салдарынан мемлекеттік балабақшадан орын күткен ата-ана баласын көбіне жекеменшік мекемеге тіркеуге мәжбүр. Нәтижесінде бала бір балабақшада тіркелгенімен, іс жүзінде басқа балабақшадан орын күтеді", - деді ол.
Депутаттың сөзінше, кейбір жекеменшік балабақшалар баланы қабылдамай, тек құжат жүзінде тіркеп қояды, ал ата-аналар мемлекеттік балабақшадан орын алу мүмкіндігін сақтап қалу үшін мұндай шартқа келісуге мәжбүр.
Ләззат Қожахметова мынадай ұсыныстар жасады:
"Ата-ана баласын басқа балабақшаға тіркемей-ақ, өзі таңдаған ұйымның күту парағына тікелей қоюы керек. Бос орын пайда болған кезде бала ашық әрі түсінікті кезекпен қабылдануға тиіс. Мемлекет қаржысы бала балабақшаға барғанын және қызмет көрсетілгенін растайтын цифрлық дерек негізінде төленуі қажет".
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова