- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутат Айдос Сарым...
Депутат Айдос Сарым Мәскеуде болған терактіден сабақ алуға шақырды
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Мәскеу облысындағы "Крокус Сити Холл" концерт залында болған теріктіден Қазақстан сабақ алуы керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттық сауал Премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды. Өткен аптада Ресей Федерациясы Мәскеу облысы Красногорск қаласындағы "Крокус Сити Холл" концерт залында сұмдық террористік акт болды. Салдарынан жазығы жоқ көптеген бейбіт тұрғын қаза болды. Парламент Мәжілісінің депутаттары қаза тапқандар мен жараланғандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейді.
"Біз, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен тілектеспіз. Президент терроризмге ешқандай ақтау болмайтынын, бейбіт тұрғындарға жасалған қатыгез, қылмыстық зорлық-зомбылық әрекетін айыптайтынын мәлімдеген. Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып Мәскеу облысындағы қатыгез террористік актіні қатаң айыптап, Ресеймен тілектес екенін атап өтті. Мемлекет басшысы АҚШ Сенатының мүшесі Стив Дэйнспен кездескенде "Терроризмге қарсы күресте барлық мемлекет бір-бірімен қарым-қатынастағы қайшылықтарға қарамастан, ауқымды халықаралық коалиция шеңберінде күш біріктіруі керек" деп айтқан", - деді Айдос Сарым.
Ол президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесін өткізіп, онда құқық қорғау құрылымдары мен жергілікті атқарушы органдардың жұмыс жоспарлары, сондай-ақ олардың төтенше жағдайда қызметін үйлестіру мәселесі қаралғанын еске салды.
"Мемлекет басшысы терроризмге қарсы іс-қимылды күшейту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған нақты тапсырмалар берді", - деді депутат.
Оның пікірінше, Қазақстан бұл терактіден сабақ алуға тиіс.
"Олжас Абайұлы, біз, Қазақстан болған оқиғаны жан-жақты зерделеп, қажет сабақ алуы керек деп санаймыз. Оқиғаларды талдау барысында трагедия құрбандарының үштен бірі тікелей террористік шабуылдан қайтыс болған, ал қалған адам шығыны оқиға орнында болған өрт пен дүрбелеңге, күш құрылымдары мен іс-шараны ұйымдастырушылардың бірлесіп әрекет етпеуінен болды.
Орталық және жергілікті атқарушы органдар Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесінде мемлекет басшысы берген тапсырмаларды сөзсіз орындалады деп сенеміз", - деді Айдос Сарым.
Депутат Үкімет басшысын төмендегі проблемалық мәселелерге аударуды сұрады:
"Біріншіден, салынып жатқан мәдени-бұқаралық және спорт ғимараттарын салу және міндетті түрде мемлекеттік қабылдау мәселесіне мемлекеттік бақылауды күшейтуге назар аударуымыз керек. Мысалы, құрылыста қолданылатын материалдардан бастап, оларды пайдалану барысында азаматтар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне дейін.
Екіншіден, қазір еліміз бойынша мәдени-бұқаралық, спорттық іс-шараларды өткізу мен регламенттеу алгоритмдерін қайта қарау, оларды ұйымдастырушылардың құқық қорғау органдарымен және шұғыл көмек көрсету қызметімен өзара іс-қимыл тетіктерін неғұрлым нақты белгілеу қажет.
Еліміздегі әрбір концерт залында, спорт ғимаратында төтенше жағдайлар туындаған жағдайда нақты жоспарлар болуға тиіс, олардың кәсіби персоналы оқудан өтуі, сондай-ақ жұрт көп жиналатын оқиғалар қарсаңында тұрақты нұсқамадан өтуі шарт.
Іс-шаралар барысында залдар мен үй-жайлар азаматтар үшін өлім тұзағына айналмауға тиіс. Ұйымдастырушылар керек болса, қосымша персонал жалдауға, кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ адамдарды қауіпсіз шұғыл эвакуациялау қажет болған жағдайда ішкі істер және ТЖ органдарын тартуға тиіс.
Үшіншіден, адамдар жиі баратын мәдени-спорттық ғимараттар мен залдарға олардың терроризмге қарсы, өртке қарсы және өзге де қауіпсіздігі, олардың қажет сигналдық және өртке қарсы жабдықтармен қамтамасыз етілуі тұрғысынан аудит жүргізу, олардың жұмыс күйінде болуын тексеру керек. Сондай-ақ мұндай жаңа объектілер өртке, отқа төзімді материалдарды пайдалана отырып, сейсмикалық және өртке қарсы қауіпсіздіктің барлық талабын сақтай отырып салынғанына назар аудару керек", - деді депутат.
Айта кетейік, 22 наурызда кешке Мәскеу маңындағы "Крокус сити холл" концерт залында камуфляж киген бірнеше адам жұртқа оқ жаудырған. Салдарынан ғимаратта жарылыс болып, өрт шыққан.
Ресей тергеу комитетінің мәліметінше, терактіден 139 адам қаза тапқан, 180 адам зардап шеккен.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина