Respublica партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Айдарбек Ходжаназаров "Әйгерім Сейфолланың сырласуына" берген сұхбатында депутаттық қызметіне байланысты берілетін пәтер, көлік және жалақыдан неліктен бас тартқанын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың сөзінше, көлік пен баспана өзінде бар, сондықтан оған мемлекеттік дүние керек емес. Ал жалақысы қайырымдылыққа жұмсалады.
"Көлікке келетін болсақ, себебі менің өзімнің көлігім бар. Маған өз көлігіммен жүрген ыңғайлы. Онда менің заттарым жатады, үйреніп қалғанмын. Мен сондай әдеттің адамымын, егер маған бірнәрсе ұнаса, оны біршама уақыт қолданамын. Ал мемлекеттің көлігінің маған қажеті жоқ, менің өзімнің жүргізушім бар, ол өз жұмысын біледі, мені және мінезімді біледі. Ал пәтерге келетін болсақ, бірнеше жылға бір үйге көшіп, кейін уақыт аяқталған соң басқа үйге көшу деген, біріншіден, отбасы үшін қиын, екіншіден, менің балаларым көп, олардың бәріне үй қайдан табады? Менің өз бала-шағама арналған үйім бар, сондықтан мемлекеттік баспананы басқа біреуге берсін дедім. Үй мен көлік ыңғайлылықтың мәселесі. Оған қоса, үй мен көлік менде бар, оны не істеймін? Ол мемлекеттің дүниесі, жеке затым емес. Біреудің үйінде тұру қиын. Ал жалақыға келетін болсақ, мен Асхат мырзамен бұрыннан таныспын, бірге қаншама жұмыс істедік, жобада бірге жетекшілік еттік. Мен Асхат мырзаға менің қайырымдылық жасайтыным туралы ешкімге айтпаңыз деп айтып қойып едім, бірақ маған бұдан артық шыдай алмайтынын жеткізіп, осы жақында "бізге көмектесіп жүрген Айдарбек мырза" деп айтты. Менің жалақым қайырымдылыққа кетеді. Бұл - бірінші кезекте, мен сияқты кәсіпкер, депутаттарға үлгі болсын деймін, екінші кезекте - мен ақша үшін, былғары костюм үшін, кабинет үшін партияға келген жоқпын деген белгі. Мен халықтың ақшасын жеп жатқан жоқпын, мен халыққа тегін қызмет жасауға келдім деген ниетті көрсету үшін. Мен жалақыны басқа да қайырымдылық түріне жұмсай аламын, бірақ нақты бұл іс-әрекетім халыққа белгі болды. Бұл шешімімді халық оң бағалап жатыр екен, сондықтан әлі күнге дейін мұны дұрыс қадам деп санаймын. Әртүрлі пікір айтылып жатады. Көп адам мұны популистік қадам деп қабылдапты, бірақ жылына жайдан-жай 11-12 миллион теңгені лақтыру да оңай емес", - деді ол.
Айта кетейік, Айдарбек Ходжаназаров - 1983 жылы дүниеге келген. Ол бүгінде Respublica партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты, Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің мүшесі, "Alto Logistics" ЖШС (бұрынғы "Olzha Logistics" ЖШС) тең иесі және "Олжа Агро" компаниялар тобының бұрынғы бас директоры.
"Атамекен" ҰКП төралқасының мүшесі және Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы.
Қостанай облысы джиу-джитсу федерациясының және грэпплинг спорттық күрес федерациясының (UWW) Президенті, "Көкпар" федерациясының құрметті президенті.
Депутат Айдарбек Ходжаназаров Forbes тізіміне кіру үшін ақша төлегені рас па?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!