- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутат Айдарбек Ходжаназаров...
Депутат Айдарбек Ходжаназаров Forbes тізіміне кіру үшін ақша төлегені рас па?
Respublica партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Айдарбек Ходжаназаров "Әйгерім Сейфолланың сырласуына" берген сұхбатында Forbes тізіміне қалай кіргеніне қатысты сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сұхбат барысында Әйгерім Сейфолла кәсіпкерден тізімге аты-жөнін кіргізу үшін ақша төлегені қаншалық рас екенін сұрады.
"Шыны керек, тізімде екенімді қалай білгенімді айтып берейін. Тізім шыққаннан бір апта бұрын әріптестеріммен бірге отырған кезде олар маған "бәрі сені бай деп әртүрлі пікір қалдырып жатыр. Осы бір дүниені өзгертіп, адамдарға сенің қарапайым отбасыдан шыққаныңды, әкең шаруашылығын кішкентай 500 гектардан бастағанын түсіндіру керек. Әйтпесе сені бәрі олигарх деп кетті" деп айтқан болатын. Бір аптадан кейін парламентте отырсам, маған сілтеме келеді. Ашсам Forbes тізімінде жүрмін. Сілтемемен бірге "бауырым, алдын айтқан жобаны істемей-ақ қояйық, болды сен тізімдесің, халыққа қарапайым адам екеніңді қалай түсіндіресің" дейді. Білмеймін, бірақ менен сұраса, ақша төлеп, мені шығаруын сұрамайтын едім. Оған ақша төлеп, тізімге өзімді қосуын сұрау деген менің болмысыма, менің мінезіме сай емес. Мысалы, менің парақшамды да қарап шықсаңыз болады, мен рахаттанатын дүние - жылқы, ит, жайлауға шығу, малға қарау. Мен қымбат дүниеге қызыға бермеймін. Мысалы, менің осы сұхбатқа мініп келген көлігім 2017 жылы шыққан. Маған мұндай дүние қызық емес. Маған жанымдағы жігіттер көлігімді ауыстыру туралы айтады. Ал мен жүре ме жүреді, бұзылмайды, жүре берсін деймін. Ал жылқы таңдаған кезде менен асқан қыңыр, сынаушы адам жоқ шығар", - деді ол.
Еске салайық, Forbes басылымы Айдарбек Ходжаназаровты 2023 жылы Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкері қатарына кіргізген болатын. Ол тізімде 40-орында тұр.
Айта кетейік, Айдарбек Ходжаназаров 1983 жылы дүниеге келген. Ол бүгінде Respublica партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты, Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің мүшесі, "Alto Logistics" ЖШС (бұрынғы "Olzha Logistics" ЖШС) тең иесі және "Олжа Агро" компаниялар тобының бұрынғы бас директоры.
"Атамекен" ҰКП төралқасының мүшесі және Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы.
Қостанай облысы джиу-джитсу федерациясының және грэпплинг спорттық күрес федерациясының (UWW) Президенті, "Көкпар" федерациясының құрметті президенті.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә