- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутат ауыл шаруашылығы...
Депутат ауыл шаруашылығы мамандықтарында оқып жатқан студенттердің шәкіртақысын көтеруді ұсынды
Депутат Қарақат Әбден ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттердің стипендиясын педагогикалық және медициналық бағыт бойынша оқитын студенттердің стипендиясымен теңестіруді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың сөзінше, "Ауыл" партиясы фракциясына Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бір топ студенті хат жолдаған, хатқа екі жүзге жуық адам қол қойған.
Бұл оқу орнында алты мыңнан астам студент білім алады, олардың басым бөлігі - ауыл жастары. Хатта шәкіртақының төмен болуына байланысты көп студенттер оқудан кетіп жатқаны туралы жазылған.
"Қазіргі кезде қолданыстағы заңнамаға сәйкес педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша оқитын студенттердің стипендиясы 58 800 теңгені құрайды. Басқалар, оның ішінде ауыл шаруашылығы мамандықтарының студенттері 38 процентке төмен, яғни 36 660 теңге алады. Айырмашылық 22 140 теңге. Бір қарағанда, айтарлықтай көп емес, бірақ ауылдан шыққан студент үшін бұның өзі кешенді көмек, бір жыртығын жамауға жақсы жәрдем болар еді. Себебі бұл мамандықтарда негізінен ауылдан шыққан балалар оқиды, олардың ата-анасының да жалақысы жоғары емес екені айтпаса да түсінікті", - дейді депутат Қарақат Әбден.
Сондай-ақ депутаттың сөзінше, биыл республика бойынша "Ауыл шаруашылық және биоресурстар" мен "Ветеринария" бағыты бойынша бөлінген 2400 мемлекеттік грантқа сұраныс болмаған.
"Жыл сайын бұл салада маман тапшылығы артып келеді. Жалпы айтқанда елімізде ауыл шаруашылығының түрлі бағыттары бойынша төрт мыңға жуық маман жетіспейді. Әсіресе ветеринар, механизатор, веттехник, кәсіби техниканың тілін білетін маман табу қиын. Еске салсақ, 2021 жылы Президенттің тапсырмасымен педагогика және медицина мамандықтарында оқып жатқан студенттердің стипендиясын арттыру туралы шешім қабылданған. Бұл қадам жақсы нәтижесін берді.
Осы орайда ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттердің стипендиясын педагогикалық және медициналық бағыт бойынша оқитын студенттердің стипендиясымен теңестіру мәселесін қарастыруыңызды сұраймыз", - дейді Қарақат Әбден.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина