Депутат Астанадағы блэкауттан сабақ алуға шақырды

Депутат Астанадағы блэкауттан сабақ алуға шақырды
Фото: Tengrinews.kz

Елордадағы блэкауттан кейін ауруханадағы жансақтау мен операция бөлмелеріне резерв электр қуатын беру мәселесіне назар аудару керек. Бұл туралы сенатор Жанна Асанова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол депутаттық сауалын денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа жолдады.

Жанна Асанова 29 қазанда Астанада бірнеше сағат бойы жарық болмағанын еске салды.

"Қосалқы трансформатор станциясындағы апат күтпеген жағдайға себеп болды. Осыған байланысты қаланың бір бөлігінде электр қуаты болмай қалды. Оның ішінде ауруханалар да бар! Дәрігерлер күн сайын әртүрлі арнаулы техниканы пайдаланып, ересектер мен балалардың өмірі үшін операция үстелінде арпалысқа түседі. Жүздеген пациент реанимацияда, кейбірінің өкпесіне механикалық желдету аппараты қосылып тұрды. Енді бір науқастың өмірі гемодиализге арналған аспапқа тәуелді болды. Барлық медициналық техника жұмыс істеуі үшін әрқашан электр энергиясы керек. Ол болмаған жағдайда жоғарыда аталған пациенттердің өмірін сақтап қалу немесе оларға көмек көрсету мүмкін емес. Сондықтан аурухананы резервті қуат көзімен жабдықтау міндетті талап болып отыр", - деді Жанна Асанова Сенаттың жалпы отырысында.

Депутат клиникалар мен стационарларда, оның ішінде шалғайда орналасқан ауылдардағы медициналық мекемелерді автоматты үздіксіз қуат беретін генераторлар болуын тексеру маңызды екенін жеткізді.

"Үздіксіз қуат беретін автоматты генераторды ауыстыру немесе ол жоқ болған жағдайда сатып алу үшін қаржы бөлу, ал денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары ауруханаларды электрмен үздіксіз қуат көзімен қамтамасыз етуді, генераторлардың жарамдылығы мен генераторға арналған отынның болуын бақылауды күшейту керек", - деді сенатор.

Айта кетейік, 29 қазанда елордада жарық өшіп, 100 мыңнан аса үй жарықсыз қалған болатын.

Еске салайық, бұған дейін Астананың бірнеше ауданында бір мезетте жарық өшіп қалғаны хабарланды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz