Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Астана маңындағы ауылдар ауыз суға жарымай отырғанын айтып, өзекті мәселені көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде елорда маңындағы ауылдарда ауыз мәселесі әлі шешілмеген.
"Бүкіл елді айтпай-ақ қояйын. Мысалы, Астана маңындағы ауыл тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінен зардап шегіп отыр. Мысалы, Аршалы ауданы Жібек жолы, Целиноград ауданы Қараөткел аудандарының ауыз сумен қамтылуы - тек 40 пайыз. Егіндікөл және Талапкер ауылдарында ауыз сумен қмтамасыз ету мәселесі де өзекті. Себебі, сумен жабдықтау желілері 15-40 пайызға дейін тозығы жеткен. Аталған ауылдар ауыз суды елордадан тасуға мәжбүр. Ауыл тұрғындарының көлігінің арты толған бөшкелер. Осыған байланысты мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сұрағым бар. Жібек жолы, Қараөткел, Талапкер ауылдарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша қандай шаралар атқарылды? Мұнда ауыз су мәселесі қашан шешіледі?", - деді Үнзила Шапақ Мәжілістің жалпы отырысында.
Депутаттың сұрағына вице-министр Тимур Қарағойшин жауап берді. Ол мәселе біртіндеп шешіліп жатқанын айтты.
"Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылы бойынша ауыл ішіндегі желілер бойынша жұмыс істеліп жатыр. Бірақ судың жеткіліксіздігіне байланысты Целиноград, Қараөткел ауылы 40 пайызға қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда бұл ауылдар бойынша бюджеттен ақша бөлінді. 2024 жылы оларды ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Талапкер ауылы бойынша желілер қамтамасыз етілді. Су ресурстары министрлігі топтық су құбырынан іске асырады. Егіндікөлге су тарту бойынша 4 жоба іске асырылып жатыр", - деді ол.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов елорда маңындағы ауылдарға таза су беру үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлінгенін жеткізді.
"Қажымұқан мен Талапкер ауылдарына тоқталайын. Онда су құбырларын жөндеу үшін 500 миллион теңге бөлініп, мердігер анықталды. 2024 жылы қосымша 4 миллиард теңге қосымша бөлінеді. Жалпы жобаны аяқтау үшін тағы 5 миллиард теңге бөлінеді. 2025 жылы жұмыстар толық аяқталады.
Егіндікөл бойынша жобалық-сметалық құжаттарды аяқтап, мемлекеттік сараптаманы алдық. Оған 9 миллиард 700 миллион теңге бөлінді. Биыл төтенше жағдай қорынан 3 миллиард теңге бөлінді. Онда екінші кезең жұмыстары атқарылады. 70 шақырым авариялық желілерді жөндеу жұмыстарын бастап кеттік, 47 шақырым желі ауыстырылды. Сол жұмыстардың арқасында Егіндікөл мен Қорғалжын аудандарындағы елді мекендерді сумен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тапты", - деді ведомство басшысы.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!