- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутат Анас Баққожаев...
Депутат Анас Баққожаев блогерлерді жазалауды ұсынды
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жалған ақпарат тарататын, ақпараттың рас-өтірігін тексеріп алмайтын блогерлерді жазалауды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат блогерлер ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар екенін айтады.
"Дәл осы блогерлер талай жылдан бері ұмыт болған қаржылық пирамиданың жандануына да себеп болғанын бәріміз жақсы білеміз. Сол алаяқтарға сеніп қалған қаншама адам суицид жасады, қаншауы денсаулығынан айырылды, тағы қаншамасы үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті! Олардың обалы кімге?
Елде болып жатқан түрлі әлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат таратқан блогерлердің де ісі майшаммен қаралуы керек еді. Расталмаған қауесеттің әлеуметтік желі арқылы тез тарауынан Қордай оқиғасының немен аяқталғаны бәріңізге мәлім", - дейді депутат.
Анас Баққожаевтың сөзінше, өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастар блогерлерге еліктеп, жатыпішерлікке әуестеніп барады, олар ұлтымызға жат мәдениет пен теріс идеологияны бойына сіңіріп жатыр.
"Біз қысқа ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз. Бұл - қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс. Ал, мұның бәрі біздегі заңнамада блогер мәртебесі айқындалмағаннан. Жауапкершіліктің жоқ екенін сезінген мұндай адамдар әрине, ойына келгенін істейді.
Көпке топырақ шашудан аулақпын. Халыққа шын жанашыр блогерлер де біздің елде жоқ емес. Көпбалалы жалғызбасты аналарға, мүгедек жандарға жәрдем беріп, әлеуметтік желі арқылы халыққа пайдасын тигізіп жүрген жерлестеріме тек бас иемін. Оқырманға қызықты әрі пайдалы ақпарат таратып, жеке блогын жүргізіп жүргендерге де айтар дауымыз жоқ", - дейді депутат Баққожаев.
Депутат әлеуметтік желілерін пайдаланып, азаматтар мен ұйымдардың құқығы мен заңды мүдделеріне зиян келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін оларға қолданылатын шара қарастырылмағанын атап өтті.
"Сол себепті оларда ешқандай жауапкершілік жоқ. Артын зерттеп, шындық па, жоқ па бастарын қатырмайды. Бастысы - шу. Бастысы - сөз. Кімнің болмасын алдында тікеңдеп, беттен алып, жеке басына тиіседі. Сөз бостандығы деген осы ма? Біз осылайша, тұтастай бір мамандықты қор қылып отырмыз. Журналистердің көбі жұмыссыз! Олардың білімі де, талабы да бар. Олардың блогерлерден айырмашылығы – әдепті, сондықтан да жұмыссыз.
Осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: "Мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек" деп тапсырған болатын. Алайда бұл заңның әлі дайын еместігін көріп отырмыз", - дейді Анас Баққожаев.
Сондықтан, депутат біріншіден, осы заң жобасына жауаптылардың әрекетіне тиісті баға берілуі керегін, екіншіден, тез арада БАҚ туралы заңды пысықтап, Мәжілістің ашық талқылауына енгізу қажет екенін айтады.
"Ақпарат саласындағы жауапкершілікті тек журналистер емес, блогерлер де сезінетін уақыт жетті. Бұл мәселені аталған заң жобасының аясында дереу қарастыруымыз қажет. Себебі жауапкершілікті түсіне алмайтын блогерлердің саны уақыт өткен сайын артып жатыр", - дейді Анас Баққожаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина