Депутат Алматы облысының әкімі отставкаға кетсін деп талап етті

Депутат Алматы облысының әкімі отставкаға кетсін деп талап етті
Фото: parlam.kz, gov.kz

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматы қаласындағы "Бағанашыл" балалар үйі төңірегіндегі жағдайға байланысты Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің отставкаға кетуін талап етті. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды., - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бағанашылдағы балалар үйі төңірегіндегі бассыздық пен қоғамға берілген уәдені орындамағаны үшін мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті отставкаға жіберуді сұраймын!" – деп жазды Базарбек.


Сондай-ақ депутат әлеуметтік желіде видео жариялап, неге мұндай мәселеге Президент өзі араласуы керек және білім министрі қайда қарап отыр деген сұрақ қойды.

"Неге бұл мәселені Білім министрі нақты әрі ашық түрде көтермеді? Бұл – балалар үйі ғой. Бұл мекеме тек әкімдікке емес, Білім министрлігіне де бағынышты. Бұл – министрлік тарапынан шешілуі тиіс мәселе. Қайда қарап отыр Бейсембаев мырза? (Білім министрі Ғани Бейсембаев – ред.)?" – деді Базарбек.


Депутат балалар үйінің ғимаратына қатысты сараптама қорытындысының жарияланбағанын, барлық процестің ашық болмағанын қайта еске салды.

"Неге тіпті Парламент Мәжілісінің депутатына бұл қорытындыны көруге рұқсат жоқ? Неге бұл құжатты жасырып отыр?" – деді ол.


Бұдан бөлек, Базарбек неліктен мемлекеттік ҚазҚСҒЗЖИ институты бұл жағдайға тартылмағанын, ғимараттың апатты жағдайы жөнінде сараптама жасауға беймәлім ЖШС тартылғанын сынады.

"Неліктен түсініксіз, "сол жақтан келген" бір ЖШС сараптама жасайды?" – деп наразылық білдірді депутат.


Бұған дейін Бақытжан Базарбек балалар үйіне қатысты құжаттар жасырылғанын, ақпараттық шабуылдар жасалып жатқанын айтып, мекеме орналасқан жер телімінің нақты мәртебесін сұраған еді. Ол сондай-ақ үшінші тұлғалар арқылы ғимараттың мемлекеттік және техникалық сараптама қорытындыларын, келісім құжаттарын алғанын да мәлімдеген.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдан Қонаевқа көшірілмек болған "Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қатысты жағдайға жеке араласқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен балаларды көшіру тоқтатылып, Президент Әкімшілігі тарапынан қызметтік тергеу жүргізілетіні хабарланған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget