Құрылтай депутаты Шолпан Каринова әлеуметтік желіде тарихқа қатысты бұрмаланған ақпарат тарап жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың сөзінше, бүгінде тарихи сана тек оқулық пен ғылыми еңбектерден қалыптаспайды, әлеуметтік желі мен цифрлық платформаның да ықпалы артып келеді.
"Әсіресе, жастар TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформалардан ақпаратты көп алады. Сондықтан Қазақстан тарихы туралы қандай ақпарат тарайды, оның дереккөзі қандай және ол қоғамға қалай жеткізіледі деген сұрақтың маңызы артып келеді. Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде тарихи тақырыптағы күмәнді және бұрмаланған ақпарат тез таралады. Оған дер кезінде кәсіби жауап беріп, нақты дерек ұсынатын жүйелі тетік қажет", - деді ол.
Шолпан Каринованың пікірінше, бұл мәселе тарихпен ғана шектелмейді.
"Халықпен кездесулер кезінде елде атқарылып жатқан көптеген маңызды жұмысты азаматтар толық біле бермейтініне көз жеткіздік. Мәселе жұмыс жоқтығында емес. Мәселе оның мәні мен нәтижесін халыққа түсінікті тілде жеткізуде. Сондықтан ақпаратты жай жариялау жеткіліксіз. Оны түсіндіру де маңызды", - деді депутат.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз