Депутат аграрлық мамандықта оқып жатқан студенттердің стипендиясын көтеруді ұсынды

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов аграрлық мамандықта оқып жатқан студенттердің шәкіртақысын ұлғайтуды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.

"Аграрлық жоғары оқу орындарына негізінен ауыл жастары түсетіні белгілі. 2025 жылы мектеп бітіруші түлектердің саны 217 мыңнан асты. Мектептердің басым бөлігі, яғни 67,4%-ға жуығы ауылдарда орналасқан. Сонымен қатар, жоғары білімге деген сұраныс жылдан жылға артып келеді, 2025 жылғы қаңтардағы ҰБТ-ға 187 мыңға жуық талапкер қатысты. Алайда аграрлық мамандар дайындау саласындағы мемлекеттік саясатта түйткілді мәселелер бар. Кейінгі 10 жылда елімізде мемлекеттік білім беру гранттарының саны 2,5 есеге ұлғайғанымен, "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "Ветеринария" мамандықтары бойынша мемлекеттік грант үлесі 2 есеге азайып, 8,5%-дан 4,2%-ға дейін қысқарды", - деді ол.

Депутат келтірген дерекке сүйенсек, 2025 жылы мемлекеттік білім беру гранттарының саны "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар" бағыты бойынша 16%-ға, өсімдік шаруашылығы бойынша 37%-ға, мал шаруашылығы бойынша 23%-ға қысқарған.

"Бұл салалар ауыл шаруашылығының негізгі бағыттары болғанына қарамастан, грант саны жыл сайын азайып бара жатыр. Қазір аграрлық және ветеринариялық мамандықтарда оқитын студенттердің шәкіртақысы - 52 мың теңге, бұл педагогикалық және медициналық бағыттармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ауылды жердегі отбасылардың табысы тұрақсыз. Мұндай жағдайда балаларды қалада оқыту қиямет-қайым", - деп ашынды Әшімжанов.

Сондықтан депутат Жанарбек Әшімжанов аграрлық және ветеринариялық мамандықтарда оқитын студенттердің шәкіртақысын педагогикалық және медициналық бағыттардағы шәкіртақымен теңестіруді ұсынды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!