Депутат Абзал Құспан ұлын әскери борышын өтеуге жібере ме?

Депутат Абзал Құспан ұлын әскери борышын өтеуге жібере ме?
Фото: Видео кадры

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Еrbol Seilkhan Youtube-арнасына берген сұхбатында жастарды әскерге күштеп әкетуді неліктен қолдайтынын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат өзінің ұлын әскерден қалдырмайтынын алға тартты.

"Әскерге күштеп алып кетуді қолдаймын, неге қолдамауым керек? Конституцияда әскерге бару әрбір 18 жасқа толған азаматтың міндеті екені жазылған, құқығы емес, міндеті. Менің осы сөзімнен кейін бәрі шулады, сөйтіп бір-екі пікірді оқысам, кейбір адамдар "оңбаған", "өзінің баласына осыны тілер ме еді?" дегендер көп жазылыпты. Енді қызықты қараңыз, 15 жастағы Қалижан деген ұлым дәл қазір Астанадағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде оқып жатыр. Ол оқуға қыркүйекте түсті. Мен сол кезде халық алдында шығып, айтқым келді. Мен ұлымды әскерге жіберемін, ешқандай күмән болмасын. Жібергелі жатырмын. Мен тек оқуға түспей қалса қайтемін деп ойладым. Мен ұлымды былтырдан бері дайындап жатырмын, ұлыма "ел басына күн туса, қолыңа қару ұстайтын шамаң болуы керек" деп айтамын. Сонда әскерден бәріміз қашуымыз керек пе? Әлде елді, жерді қорғауды әйелдерге қалдырайық па? Мен депутат ретінде әскердегі әлімжеттікке не істей аламын? Мұндай дүние Кеңес Одағының кезінде де болды, қазір де соны тоқтата алмай тұр", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Абзал Құспан "Жастарды әскерге күштеп әкету керек" деп мәлімдеме жасағаны хабарланған болатын. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Б. Жұмаділлә