Депутат Гаухар Танашева 4 баласы бар әйелдердің зейнетке шығу жасын 53-ке төмендетуді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Танашева бүгінде көпбалалы отбасылардың саны 530 мыңнан асатынын атап өтті.
"Елімізде кәмелетке толмаған балалардың жалпы саны шамамен 6,5 миллион. Оның жартысынан көбі көпбалалы отбасынан шыққан балалар", - дейді депутат.
Гаухар Танашеваның сөзінше, бірқатар мәселені шешу үшін неке және отбасы заңында көпбалалы отбасы мәртебесін өмір бойы бекіткен жөн.
"Төрт және одан да көп баласы бар ата-аналарға балалардың жасына қарамастан, көпбалалыларға берілетін жәрдемақыны кіші бала кәмелетке толғанға дейін беруді қарастыруды ұсынамыз. Екінші ұсыныс - төрт бала тәрбиелеп отырған көпбалалы әйелдердің зейнеткерлік жасын 53 жасқа дейін төмендету керек", - дейді депутат Мәжіліс отырысында.
Айта кетейік, қазіргі заңнамаға сәйкес, бес немесе одан көп бала туып, асырап алған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген көпбалалы аналар ғана 53 жасында зейнетке шыға алады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!