“Депрессияда болған“. Полицейлерге хабарласып, мазасын алған әйел жазаланды

“Депрессияда болған“. Полицейлерге хабарласып, мазасын алған әйел жазаланды
Фото: gov.kz

Павлодар облысында арнайы қызметтерді жалған шақырғаны үшін 30 жастағы қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

ІІМ мәліметінше, күн сайын полиция бөлімшелеріне тұрғындардан жүздеген қоңырау келіп түседі. Олардың кейбіреулері жалған шақыртулар болып шығады. Мұндай әрекеттер адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін, себебі жалған ақпаратқа уақыт жоғалтып жатқанда, шынайы көмек қажет ететін біреуге кешігіп жету қаупі туындайды.

Мысалы, Ақсу қаласында болған оқиғада бір әйел адам ішімдік ішкен күйінде шұғыл қызметке қоңырау шалып, өз-өзіне қол жұмсағысы келетінін хабарлаған. Тәртіп сақшылары дереу көрсетілген мекенжайға жетіп, мән-жайды тексерді. Алайда бұл мәлімет расталмады.

Тексеру барысында әйелдің эмоционалды күйзеліс жағдайында болып, ішімдік ішкеннен кейін жалған ақпарат бергені анықталды. 

Арнайы қызметтерді жалған шақырғаны үшін 30 жастағы қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 110 мың теңгеден астам айыппұл төлеуге міндеттелді.

Жалпы, жыл басынан бері облыс бойынша осындай жалған шақыртулар үшін 319 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Арнайы қызметтердің жұмысын босқа сарқып, уақытын жоғалтқан әрбір жалған шақырту заң алдында жауапкершілікке алып келетіні ескерілуі тиіс. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина