- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- дәрігер тапшылық
Денсаумин дәрігерлер тапшылығы басым аймақтарды атады
Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлер тапшылығы басым аймақтарды атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Денсаулық сақтау министрлігі медицина кадрларының тапшылығын шешу жолдарының бірі ретінде медициналық ЖОО-лардың түлектерін бөлу тетігін тиімдірек етуді ұсынады.
"Қазір медициналық ЖОО-лар түлектерінің үштен біріне жуығы бөлу бойынша жұмыс істемейді, негізінен жұмысқа орналасу үшін жеке медициналық ұйымдарды артық көреді. Сонымен қатар мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде кадрларды даярлау мен жергілікті бюджет қаражатының есебінен кадрларды даярлаудың арасында үйлесімділік жоқ (ЖАО гранттары), бұл медицина кадрларын тиімді жоспарлауға әсер етеді, мамандардың жергілікті жерге жетуі бойынша мониторинг те әлсіз жүргізіліп жатыр" , - деп атап өтті Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өз сөзінде Абай облысындағы Парламент Сенатының көшпелі отырысында.
Жағдайды өзгерту үшін пәрменді шаралар ретінде Денсаулық сақтау министрлігі кадрлармен қамтамасыз етуде нақты үйлестіруді белгілеу қажет болған жағдайда жас мамандарды жұмысқа дербес бөлуді уәкілетті органның деңгейіне қайтаруды ұсынады.
Екінші - түлектердің жекелеген санаттары үшін жұмыс істеуді кейінге қалдыру, резидентурада оқуды жалғастыруды енгізу, МСАК деңгейінде кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар медицина қызметкерлері үшін ерте (алдын ала) бөлу рәсімін енгізу.
Сонымен қатар кадрларды бөлуді реттеу және әлеуметтік қолдау шараларын көрсету жөніндегі жұмысты үйлестіру үшін жергілікті жерлерде өңірлік комиссиялар құрған жөн.
Бұдан басқа ведомство кадрларды жергілікті жерлерде ұстап тұру және ауылдық жерлерде дәрігерлік қызметтің беделін арттыру үшін қосымша ынталандыру шараларының тұтас пакетін бастамашылық етеді. Олардың қатарында интерн-дәрігерлеріне арналған білім беру бағдарламаларын жаңарту, психологиялық қолдау бағдарламаларын ұйымдастыру және ұзақ тәжірибесі бар медицина қызметкерлерін ынталандыру жүйелерін енгізу және басқа да материалдық емес ынталандыру шаралары бар.
Бұл бастамалар денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға және ауылдық жерлерден медицина кадрларының кетуін азайтуға жағдай жасауға бағытталған.
Хирургиялық топтың ең көп сұранысқа ие 5 мамандығына анестезиолог-реаниматологтар кіреді, қажеттілік - 306, хирургтар – 210, офтальмологтар – 112, оториноларингологтар – 83, ангиохирургтар – 44-ті құрайды. Босандыру қызметінің ең сұранысқа ие мамандары: акушер-гинекологтар - 253, неонатологтар - 87.
Дәрігерлерге деген жоғары қажеттілік Астана (702 дәрігер), Алматы (497 дәрігер), Шымкент (234 дәрігер) сияқты ірі қалаларда бар. Ауылдық елді мекендер деңгейінде медицина қызметкерлеріне ең үлкен сұраныс Ақмола (116 дәрігер), Түркістан (135 дәрігер), БҚО (89 дәрігер) байқалады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек