Денсаулыққа зиян: Депутаттар ескі уақыт белдеуін қайтаруды сұрады

Денсаулыққа зиян: Депутаттар ескі уақыт белдеуін қайтаруды сұрады

Мәжілістің бір топ депутаты Үкіметтен бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды талап етті. Шығыс Қазақстан өңірінен шыққан бір топ депутат аталған мәселеге байланысты тик-ток желісінде бейне үндеу жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Мыңдаған халықтың арыз-шағымы, тілегіне орай арнайы мәлімдеме жасағымыз келіп отыр. Бүгін “Аманат” фракциясының Мәжілісте арнайы жиынын өткіздік. Осындағы әріптестеріміз куә: өңірлерді аралаған кезде, әсіресе Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай облысы, Жетісу өңірінде халық тарапынан ең көп қойылған сұрақ – уақыт белдеуіне байланысты болды. Ел бұрынғы уақыттың қайтарылуын талап етіп жатыр. Бәлкім, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан үшін осы уақыт белдеуі ыңғайлы шығар. Бірақ шығыс үшін тиімсіз. Біздің Шығыс Қазақстанда таңғы екі жарымда таң атады, сиырдың мөңіреген дауысынан оянасың. Кешкі бес-алты да тас қараңғы. Ол жақта да екінші, үшінші ауысымда оқитын оқушылар бар. Олар қалай қайтады?! Тіпті ауылды жерлерде көшелерде жарық жоқ. Жер үлкен болған соң, география бойынша уақыт белдеуі алдын ала зерттелуі керек еді. Денсаулыққа қаншалықты зиян екені, қанша энергияны артық шығындап жатырмыз», – деп пікір білдірді Мақсат Толықбай.

Мәжілісмендердің пікірінше, қазіргі уақыт белдеуі денсаулыққа зиян. Мұндай шешімді қабылдамас бұрын билік ғалымдар, медицина мамандарымен бірлесіп зерттеу жүргізбеген.  

«Сондықтан бүгін арнайы фракцияның жиынын өткіздік. Уәде еткендей, алдағы уақытта Парламенттің жалпы отырысында Үкімет мүшелерін, ғалымдарды, мамандарды шақырып, тыңдау өткіземіз. Нақты ұсыныстарыңыз болса айтыңыздар. Бірге ақылдасып, Үкіметтің нақты шешім қабылдауына ықпал етеміз», – дейді олар.

Нұртай Сабильянов та Абай облысына барғанда осы мәселені халық көп көтергенін алға тартты.

 «Жазда Абай облысында халықпен кездесулер өткізгенде, ең көп көтерілген сұрақтың бірі –  уақытты кері қайтару. Өйткені бұл қазір халыққа қолайсыз, денсаулығына кері әсер етіп жатыр. Сондықтан да біз Үкіметтен осы уақытты қайтаруды талап етеміз»,- деді Сабильянов.

Жаңа белдеуге 7 ай

Қазақстан 1 наурыздан бастап бірыңғай уақыт белдеуіне көшкен. 19 қаңтарда үкімет Қазақстанның барлық аумағында UTC+5 уақыт белдеуін енгізу туралы қаулыны бекітті. Үкімет мұндай шешімді "өңірлер арасындағы уақыт кедергісі жойылып, көлік коммуникациясы жақсаруы, бизнес пен мемлекеттік органдар өзара шұғыл іс-қимыл жасасуына оң әсер етеді" деп түсіндірген.

Петиция

2024 жылдың маусымында қазақстандықтардың "Уақытты кері қайтару" талабымен жариялаған петициясы E-petition.kz сайтында тиісті 50 мың қолды жинады. Сауда және интеграция министрлігі петицияны қарастыруда.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Нұртай Сабильянов (@nurtay_sabilyanov)

 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Бақдаулет