Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі оқушылардың денсаулығын нығайтуға және олардың үлгерімін жақсартуға көмектесетін бірнеше пайдалы кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқу жылы басталысымен 4 миллионға жуық оқушы қайтадан партаға отырады. Осы ретте ата-аналар балаларының жаңа тәртіпке бейімделіп, сабаққа зейінін аударуына көмектесуі керек.
"Аз қимылдау, гаджеттерді тым көп пайдалану сияқты заманауи сын-қатерлер балалардың денсаулығына теріс әсер етіп, олардың көру қабілетін нашарлатады, бойын тіктеп ұстамау, зейін қоймау мәселелерін туындатып, сонымен қатар ұйқының бұзылуына әкеледі. Оның үстіне көптеген оқушылардың бойында созылмалы аурулары, артық салмақ, тіпті семіздік осы бастан-ақ бар екенін ескеру керек", - деді Денсаулық сақтау министрлігінде.
Денсаулық сақтау министрлігі және Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы оқу жылы ішінде балалардың денсаулығын сақтап, нығайту үшін мына шараларды ұсынады:
Төменгі сыныптар үшін үй тапсырмасын 1,5-2 сағаттан аспайтын уақыт ішінде, ал жоғары сыныптар үшін 3-4 сағатта әрбір 40 минут сайын үзіліс жасай отырып орындату керек.
Ұйқысының қанық болуы да өте маңызды. 7-10 жастағы балалар үшін 10-11 сағат, 11-14 жастағы балаларға 9-10 сағат, 15-17 жастағы жасөспірімдерге 8-9 сағат ұйқы керек.
Тамақ рационынан зиянды тағамдарды алып тастап, дәрумендер қабылдауын қадағалаңыз. Оқушылар жиі-жиі, яғни күніне 4 рет тамақтануы керек, ал бірінші сынып оқушылары мен спортшылар 5 рет тамақтанғаны жөн. Семіздік қаупін арттырып, басқа да ауруларға бастайтын газдалған сусындар, фаст-фуд, снэктерді жеуін шектеген дұрыс.
Сабақ оқитын орнына сырттан да, қосымша үйдегі электр жарығы да түсіп тұруы тиіс. Жиһаз баланың бойына сәйкес келіп, биіктігі жағынан реттелетін болуы қажет. Баланың дұрыс отыруына қолайлы орын жасау оның бойын тік ұстамау проблемасын туындатпауға септік етеді.
Мектеп киімі денсаулыққа қауіпсіз, қолайлы, табиғи матадан тігілуі керек. Аяқ киімін табанын қыспайтындай, кигенде қан айналым дұрыс болатындай етіп таңдау қажет.
Мектепке ұстайтын рюкзакта салмақ біркелкі бөлініп, оның сыртында жарық шағылыстыратын элеметтер болуы керек. Рюкзактың салмағы төменгі сыныптар үшін 700 грамнан, ал жоғары сыныптар үшін 1000 грамнан аспауы қажет.
Гаджеттердің көздің көруі мен зейін қоюына теріс ықпал ететінін ескере отырып смартфондар мен басқа да құрылғыларды қолдану уақытын қысқартуға кеңес беріледі. Санитарлық ережелерде компьютерлік сабақтардың үздіксіз ұзақтығы регламенттелген. Сонымен бір сабақ кезінде (45 минут) тікелей персоналды компьютермен, планшет және ноутбукпен жұмыс істеу уақыты былай көрсетілген: мектепалды, мектепке дейінгі топтарға (сыныптарға) және 1 сыныптарға 15 минуттан көп емес, 2-3 сыныптар үшін 20 минуттан аспайтын; 4-8 сыныптарға 25 минуттан көп емес; 9-11 (12) сыныптар үшін 30 минуттан асырмайтын уақыт қана беріледі.
Жеке гигиена мен қоршаған орта тазалығын сақтау аурулардың алдын алу үшін қажет. Балалардың қалтасына антисептиктер салып қойыңыз, онымен бала тек қолын ғана емес, қолымен көп ұстайтын смартфон, сөмкесінің тұтқасын және т.б. заттарды залалсыздандырып отырады. Қолды жиі жуу және тұмауға қарсы вакцина алу баланы суық тию маусымында қорғауға көмектеседі.
Осы кеңестерді сақтау бүкіл оқу жылында баланың дені сау болуын қамтамасыз етеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!