Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырды

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырды

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус инфекциясын жұқтырды. Бұл туралы министр Facebook-тегі парақшасында жазды. 

"Достар, өкінішке қарай, коронавирусқа тапсырған соңғы тест оң нәтиже көрсеткені туралы жағымсыз жаңалықты хабарлауға мәжбүрмін. Өкінішке қарай, бұл вирустың симптомсыз формасы емес, сондықтан мен жұқпалы ауруханаға жаттым", - деп жазды Елжан Біртанов.

Министр санитария талаптарын қатаң сақтағанына қарамастан ауру оны да айналып өтпегенін айтты. Оның айтуынша, әсіресе қашықтан, үйде отырып жұмыс істей алмайтын қызметкерлерге қиын.

"Кейінгі күндері бірқатар өңірде, оның ішінде кәсіпкерлер, кәсіпорын қызметкерлері, медицина мамандары, мемлекеттік қызметкерлер, БАҚ қызметкерлері арасынан ауру жұқтырғандар қатары артып келеді. Қазақстандағы жаһандық дағдарыс пен пандемия салдарынан пайда болған проблемаларды шешу үшін қазір көптеген азамат қарқынды жұмыс істеп жатыр. Бізге жеке кездесулерге жиі баруға, аймақтарға іссапарға шығуға тура келеді, мұндай жағдайда, әрине COVID-19 жұқтыру қаупі де жоғары", – деді министр.

14 маусым, сағат 13:00-дегі мәлімет бойынша, Қазақстанда 14496 адам инфекция жұқтырған, 9056 адам жазылып шығып, 73 адам қайтыс болған.

Massaget