Денесін өртеуге тырысқан. Қонаевта студент қызды асқан айуандықпен өлтіргендер сотталды

Денесін өртеуге тырысқан. Қонаевта студент қызды асқан айуандықпен өлтіргендер сотталды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Қонаевта студент қызды асқан айуандықпен өлтіргендер сотталды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен пайдакүнемдік ниет, аса қатыгездікпен қасақана кісі өлтірді деген айыпталушылар Қ. және С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі 5,7,8-тармақтары бойынша).

Сотта не анықталды?

Биыл, 6 наурызда сотталушылар жәбірленушімен ортақ танысы арқылы танысып, күдіктілердің біреуі жәбірленушіні уақытша бір жерге орналастыруды өтінген. Осы мақсатта Алматы қаласында пәтер жалға алынған.

Екінші күні ақшалары болмай, үйдің жалдау ақысын төлеу үшін сотталушы Қ. жәбірленушіге тиесілі "iPhone 13 Pro" маркалы смартфонды комиссиялық дүкенге тапсыруға, кейінірек оны қайта сатып алуға уәде беріп, көндірген.

Түскен қаражатты жұмсағаннан кейін сотталушылар жәбірленушіні банктер мен микроқаржы ұйымдарында жалпы сомасы 435 мың теңгеге ақшалай қарыздарды рәсімдеуге көндірген.

12 наурызда екі ер адам студент қыздың смартфонын комиссиялық дүкеннен өзіне хабарламай, жасырын сатып алып, оны 240 мың теңгеге сатып жіберген, ал түскен қаражатты өздері жаратып тастаған.
 
Студент қыз смартфонды қайта сатып алу туралы бірнеше сұраған. Артынша екеуі студент қызға телефоны мен несиенің ақшасын қайтармау үшін өлтірмек болады.

15 наурыз күні түнде сотталушылар жәбірленушіні үйіне апару сылтауымен онымен бірге жолға шығып, сағат 02:00 шамасында Қонаев-Қазақстан автожолының 36-шақырымына жетіп, жолдан шығып, ашық учаскеге тоқтаған.

Сотталушылар кезек-кезек жәбірленушіні сақамен ұрып соғып, оны бензинмен өртеуге тырысқан, содан кейін олар оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленуші алған жарақаттарынан сол жерде қайтыс болған.

Дәлелдемелер:

Сотталушылардың кінәсі іс материалдарымен толық дәлелденген: куәлардың айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және басқа да дәлелдемелермен. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімі

Сот үкімімен Қ. және С. өздеріне тағылған іс-әрекеттерді жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина