- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Денесін қоқысқа көміп...
"Денесін қоқысқа көміп тастаған". Павлодарда жеті жастағы қызын қасақана өлтірген шешесі мен көңілдесі қамауға алынды
Павлодар облысында қызын қасақана өлтірген шешесі мен оның көңілдесі қамауға алынды. Күдіктілер жеті жастағы Милана Давыдованың денесін қоқысқа көміп тастап, "бала жоғалды" деп полицияға хабарлап, екі күн бойы бірге іздестірген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" арнасына сілтеме жасап.
Еріктілер мен полициядан құралған 350 адам жоғалған қызды жер-көктен іздеп таба алмаған. Тек екінші тәулік дегенде Милананың мәйіті Бесқауға ауылындағы қоқыстан табылды.
Айналдырған бес жүзге жетер-жетпес тұрғыны бар Бесқауға ауылынан маза қашқан. Екібастұздан елу шақырым жердегі елдімекенге еріктілерден бастап, тәртіп сақшылары мен құтқарушылар осыдан үш күн бұрын келе бастаған еді. Жұманың кешінде жоғалды деген жеті жасар Милана Давыдованы іздеп түгел шарлады. Ақыры бүлдіршіннің мәйіті алыстан емес, үй маңындағы үйілген қоқыстан табылды. Қандықол қылмыскер бөгде адам емес, баланың туған анасы болып шықты. Қызын ұрып өлтіріп, ашынасына көмдірген көрінеді.
"Кәмелетке толмаған қызды өлтірді деген күдікпен полиция қызметкерлері анасы мен оның танысын ұстады. Ұсталғандар өз кінәсін мойындады. ҚР ҚК 99-бабы, 3-бөлігі, адам өлтіру бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - деді Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
Күдікке іліккен безбүйрек ананың жасы 39-да. Бесқауға ауылында балаларымен бір өзі тұрған. Ал күйеуі мал бағып күзеуге кеткен екен.
"Мен жайлауда болдым. Маған қызың жоғалып кетті деп хабарлады. Олар демалыста маған келуі керек еді. Қоңырау шалып, Милана саған келмеді ме деп сұрады. "Не болып қалды, ол қайда?" деп сұрадым. Жоғалып кеткенін білгеннен соң, жаяу айналаны қарап шықтым", - деді Александр Колтин.
Көршілері қызын өлтірді деген келіншектің арақтан аузы құрғамайтын дейді. Күнара мас болып көше жағалап кететін кездері көп болған. Ал үшінші сыныпта оқитын Милана жастайынан пысық болып өсіпті. Бейресми деректерге қарағанда, анасын көңілдесімен ұстап алып, әкесіне айтып бермекші болған. Сондықтан қаршадай қызды өлтіріп тынды деген өсек ауыл ішінде желдей есіп тұр.
"Ол келіншек ішімдікке әуес. Әркімнен арақ сұрап ішіп жүретін. Күйеуі қысы-жазы малдың соңында. Осы оқиғаны естігенде сенбедім. Қызы пысық еді. Қазақша да, орысша да еркін сөйлейтін. Мықты, пысық болды. Анасы өлтіріпті ғой", - деді Шолпан Түрінтаева.
Қазір күдікті ана мен сыбайласы қамауда отыр. Бүлдіршінді Екібастұзда жерлейді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы