Абай облысында өзендегі мұз опырылып, бес жасар бала суға батып өлді. Оқыс оқиға түс кезінде Таскескен ауылында болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бес жасар екі бала елді мекен шетінде орналасқан Қарақол өзенінің бетіндегі жұқа мұздың үстінде ойнап жүрген.
"Мұз опырылып, балалардың бірі суға түсіп кеткен. Ал екіншісі үлкендерден көмек сұрауға жүгіріпті. Артынша іздеу жұмысына жұмылдырылған сүңгірулер мен ауыл тұрғындары балақайдың денесін өзеннен әрең тапты", - деді ауыл тұрғыны Манарбек.
Мамандардың айтуынша, өңірдегі су қоймаларында мұздың қалындығы небәрі 3 сантиметр ғана. Сондықтан өзен беті толық қатқанша тұрғындарға сырғанақ теппеуді ескертті.
"Баланың денесін таптық. Құрметті Үржар ауданының тұрғындары, күннің жылуына байланысты су қоймаларында мұз толық қатқан жоқ. Мұз айдындарына баланы жібермеуді және өздеріңіздің де бармауларыңызды сұраймыз", - деді Үржар ауданы полиция бөлімінің бастығы Ролан Оразғалиев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!