Ақтауда сарышұнақ аязда жалаңаш жүгірген тұрғын жұртты таңғалдырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақтаулық Тимур Нұрмағамбетов суықта жағалауда жүгіріп, теңізге шомылады. 43 жастағы тұрғын осылай 5 жылдан бері дене шынықтыратынын айтады. Өткен кеткен жұрт оның суықтан қып қызыл болып қызарған денесіне шоши қарайды. Алайда спортшыға аяз қорқынышты емес.
"Мен 5 жылдан бері осылай шынығамын. Ал спортпен 6 жасымда айналыса бастадым. Ең бірінші спорттық гимнастикадан бастап, күрес, бокспен айналыстым. Денсаулықты күткен дұрыс қой. Әрі жетістікке жету үшін, жаңа бастамаларды бастаудан қорықпау керек. Оған қоса қазір қыста теңізге түсу танымалдыққа ие", - дейді Тимур Нұрмағамбетов.
Тимур Нұрмағамбетов 4 баланың әкесі. Балалары да спортқа жақын. Бір қызы жүзуден Қазақстан чемпионы.
Дәрігерлер аязда спортпен шұғылдану - денсаулықты нығайтып, ұзақ өмір сүруге көмектесетінін айтады. Бірақ бұл қадамды үлкен дайындықпен бастаған жөн. Үсіп қалудан сақ болу керек. Ал созылмалы ауруы бар адамдар дәрігердің кеңесіне жүгінгені дұрыс.
"Суықта шынығу - иммундық жүйені шынықтырады. Қан айналым, тыныс алуды жақсартады. Бұл кезде барлық орган жақсы жұмыс істейді. Негізі бала кезден шыныққан жөн", - дейді Ақтау қалалық емхананың учаскелік дәрігері Лариса Брагина.
Маңғыстау облыстық спорт басқармасының мәліметінше, қазір өңірде 306 мыңға жуық тұрғын салауатты өмір салтын ұстанады. Оның ішінде қысы-жазы теңізге түсетіндер де бар.
Сая Мәжитқызы
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!