"Денеме қызған темірмен таңба басты". Құлдыққа түскен ер адам араша сұрап Президентке бейнеүндеу жолдады

"Денеме қызған темірмен таңба басты". Құлдыққа түскен ер адам араша сұрап Президентке бейнеүндеу жолдады

Ақмола облысының Ақкөл ауданының тұрғыны Ерқанат Амантай құлдыққа түскенін айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдап, көмек сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қорғалжын ауданында бір жарым жыл бойы жылқы баққан Ерқанат Амантай өзіне жұмыс ұсынған адамдардан қысым көріп, жұмыс істеп жүрген жерінде құлдыққа ұшырағанын айтады. Оның айтуынша бұл іске полиция қызметкерлерінің де қатысы болған. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Степногор қаласына үш бас жылқыны үйретуге жұмысқа кеткен жігіт бұрынғы жұмыс берушілері ұстап алып қинап, ұрып-соғып құлдыққа салғанын айтады.

"Қорғалжын ауданынан М. мен А. деген кісілер полиция қызметкерлерімен бірге келіп, Степногор қаласында жұмыс істеп жүрген жерімнен ұрып-соғып алып кетіп, қол-аяғымды байлап ашық қысым көрсетті. Қорғалжың ауданы бұрын жұмыс істеп жүрген жеріме апарып, жұмысшыларына ұстатып қойып, ұрып-соқты. Денеме қызған темірмен таңба басты. Ата-анаңа ешкімге айтушы болма дейтін. Анаммен сөйлестірген кезде қасымда төрт бірдей жігіт тұратын. Олар мені "бізде Генерал бар, Советник Президента бар" деп қорқытты. Әке-шешемді де қорқытты. Мен арыз жаздым. Мен де бір қазақтың баласымын ғой. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы,  Сіз айттыңыз ғой «Жаңа Қазақстан» жасаймыз деп. Мұндай масқараға қалай жол беруге болады? Ешкім елеп-ескеріп жатқан жоқ. Сізден көмек сұраймын. Басқа баратын жерім қалмады", - дейді ашынған Ерқанат Амантай.

Құлдыққа түскен Ерқанат оны ұстап алғаннан кейін Қорғалжын аудандық ішкі істер бөлімінде полиция қызметкерлерінен де қорлық көргенін жеткізді.

"Мені есімнен танғанша ұрып-соғып өз еркімнен тыс көлікке отырғызып Қорғалжын АІІБ-не алып кіргізді. Онда  маған полиция қызметкерлері саған 100 бас мойныңа ілеміз. «Свой долги отработай, нет мы тебя закроем!" деп қорқытты. Содан полицияға үйдегілерге хабар беріңдер деген сөздерімді тыңдамай М. мен А.-ның көлігіне отырғызып жіберді. 14 Наурызда олар мені базға апарып күректің сабы сынғанша байлап қойып, ұрып денеме темір қыздырып басты. Бүкіл жоғалған малды мойныңа ал деп қинады. Отбасың тыныш өмір сүрсін десең аузыңнан ешнәрсе шығарма деді. Осы жайт жайлы керек органдарға шағымдандым. Одан кейін олар мені Қорғалжын АІІБ-не жіберіп, онда тағы қысым көрсетілді. «Зачем ты пишешь, ты ничего не докажешь», деп айтты. Бұған себеп жаңағы А. Аудандық ІІБ-де бастық болып қызмет жасаған. Мен полиция полковнигімін сен дәлелдеп болғанша түрмеде шірисің деп қорқытты. Менде қашатын мүмкіншілік болмады. Бір күні досыма жасырын хабарласып ағаларыма, анама айтуын сұрадым. Сөйтіп ол жақтан қашып кетіп Нұра өзенінің жағасында тығылып жатқан жерімнен құтқарып алды",  - дейді Ерқанат Амантай.

Ерқанат бұл істі өзі жұмыс істеген адамдар сыбайластары арқылы заңсыз деп тауып жауып тастай ма деп қауіптенеді.

 Қазіргі уақытта бұл іспен Ақмола облысының полиция департаменті айналысып жатыр. Полиция аталған оқиға бойынша түсініктеме берді.

"Ақмола облысының полиция департаменті Ерқанат Амантайдың өтініші бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлайды. Дене жарақаттары бойынша Астана қаласы сот сараптамасы институтында сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Тергеу шеңберінде куәгерлер белгіленіп, жәбірленушінің және ол көрсеткен адамдардың айғақтары мұқият тексерілуде. Осы қылмыстық істі тергеу полиция департаменті бастығының жеке бақылауында", - деді Ақмола облысы полиция департаментінен.

Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жалғасуда.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы