Күз келді. Бұл - жыл мезгілдерінің ішінде ең тұрақсыз кез. Әсіресе, тұмау, салқын тию секілді аурулар осы кезде күшейіп кетеді. Оның басты белгісі - дене қызуы. Massaget.kz тілшісі дәрігер Назира Молдабекқызымен сұхбаттасып, дене қызуы туралы білу керек маңызды кеңестерді сұрады.
Дене қызуы деген не?
Назира Молдабекқызының сөзінше, қызу - сыртқы ортаға ішкі әсер.
"Дене қызуының көтерілуі - сырттан түсетін бөгде нәрселермен ағзаның күресуі. Осы кезде ағза қарсы күреседі. Осылайша, қызу көтеріледі", - дейді маман.
Қандай жағдайда қызуды түсірмеген дұрыс?
Дәрігер адамның басы ауырса, дәріге жүгіне бермеген жөн екенін айтты. Себебі ағзаның өзі де күресе алады.
"Адамда талма, құрысу секілді белгілер болмаса, қызуды қалыпты, қатты ауырсынбай көтерсе, қолдан түсірмеген дұрыс. Өйткені 38 градустан жоғары көтерілген кезде ағзадан патоген вирусты жоятын интерферондар бөліне бастайды. Бұл 38 градустан жоғары көтерілген кезде ғана болады", - дейді ол.
Қызуды қалай түсіру керек?
Маман ең дұрыс тәсіл кәдімгі су екенін жеткізді.
"Қандай да бір дәрі-дәрмектер арқылы қызуды түсірсеңіз, иммун жүйесінің қарсы тұра алатын қабілетін жойып аласыз. Балаларда болсын, үлкендерде болсын мейлінше қызуды түсірмеген дұрыс. Қатты қызу көтерілген кезде ағза құрғамауы үшін көп сұйық ішкізу керек. Сондай-ақ, С, А, Д секілді дәрумендерді көп берсе, екінші күні-ақ айығуға болады", - дейді дәрігер.
Ол ата-аналар жиі жасайтын қатені де атады.
"Қызу болса, дене қалтырап, жаурайды. Осындай кездегі ата-ананың басты қателігі - қымтап тастау. Баланы мейлінше жеңіл, бір ғана киіммен жатқызу керек. Баланың қолтық, мойын, тізе асты, шап, шынтақ бүгілген жерлерін сулап тұру керек. Ал қызуды көтере алмайтындарға, соның ішінде өзінің жеке ауруына байланысты қызуы түспейтіндерге салмағына қарай дәрі-дәрмек беру қажет", - деп түйіндеді маман Назира Молдабекқызы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!