Дене қызуы көтерілгенде қандай тағамдарды жеген дұрыс?

Дене қызуы көтерілгенде қандай тағамдарды жеген дұрыс?
Фото: depositphotos.com

Терапевт Полин Хосе дене қызуы көтерілген кезде ағзаға жеңіл әрі пайдалы тағамдарды атады. Ол өз кеңесін Everyday Health басылымына берген еді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ең алдымен дәрігер ашытылған тағамдарды, мысалы, ашытылған қырыққабат пен грек йогуртын жеуге кеңес берді. Оның айтуынша, мұндай өнімдердегі пайдалы бактериялар ағзаның қалпына келуіне көмектеседі.

Сондай-ақ дене қызуы көтерілген кезде апельсин және С дәруменіне бай өзге де жемістер пайдалы. Бұған қоса, тұмау кезінде көкөніс пен жемісті көбірек тұтынған жөн.

"Алайда шикі көкөністі шамадан тыс жемеңіз. Оның құрамындағы талшық іш кебуіне және газ жиналуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан қайнатылған көкөністі таңдаған дұрыс, ол жеңіл қорытылады", - деді дәрігер.

Маманның айтуынша, зімбір де иммунитетті қолдауға көмектеседі.

"Зімбірдің құрамындағы гингерол қабынуды азайтып, жүрек айну мен құсуды жеңілдетуге ықпал етеді", - деп түсіндірді ол.

Ал қалтырау немесе мұрын бітелуі кезінде тауық сорпасын ішкен пайдалы. Жалпы, кез келген жылы сусын денені жылытып, тыныс жолдарын ашуға көмектеседі.

Дәрігер тауық сорпасының ағзаға қажетті ақуыздың жақсы көзі екенін де атап өтті. Әсіресе ауырып жүрген кезде ақуыз ағзаның әлсіреп кетпеуі үшін маңызды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget