Қазіргі таңда жаңа туған нәрестелер арасында аурулар жиі кездеседі. Тәжірибелі терапевт Гүлжанат Садықованың айтуынша, мұның көпшілігі аналардың жүктілікті жоспарламауы, ана болуға дұрыс дайындалмағанының әсерінен болады. Осы орайда Massaget.kz тілшісі баланы қалай жоспарлау керек, дені сау бала дүниеге келу үшін ананың дайындығы туралы дәрігермен сұхбаттасты.
Дәрігердің айтуынша, әр емханада жүктілікті жоспарлайтын кабинеттер бар.
"Жүктілікті жоспарлау кабинетінде акушер-гинеколог, терапевт мамандары отырады. Сол кабинетке келіп, білікті мамандардан ақыл-кеңес алған дұрыс. Жүктілікті жоспарлағысы келген жұптан жалпы қан, зәр анализдері алынып, ультрадыбыстық зерттеулер жүргізіледі. Қажет болған жағдайда жыныстық қатынаспен берілетін жұқпалы ауруларға қарсы тексеріс болады. Егер тұқым қуалайтын немесе отбасында қандай да бір хромосомды аурулармен ауырса, медико-генетикалық кеңеске жіберіледі. Осы тексерістің нәтижесі шығып, жүктілікке ешқандай қарсы көрсеткіш болмаса, отбасылық жұпқа жүктілікті жоспарлай беруге болады", - деді ол.
Жалпы болашақ ана мен әке міндетті түрде 6 ай бұрын жүктілікке дайындалуы керек.
"Ең алдымен жүктілікке дейін болашақ ана мен әке дайындықты құнарлы өнімдермен тамақтанудан бастау керек. Атап айтқанда, көкөніс, жеміс, ет, балық, сүт өнімдерін көбірек тұтынғаны жөн. Бұдан бөлек, ағзаға қажетті дәрумендерді ішуді әдетке айналдыру керек. Мұны тек дәрігердің тағайындауымен ішкені жөн. Салмағы аз (арық), бала туа салысымен араға көп уақыт салмай қайта жүкті болған, жас кезінде жүкті болған, әлеуметтік жағдайы нашар, құнарлы тамақ алуға мүмкіндігі жоқ, спиртті ішімдіктерге, темекіге және есірткі тектес заттарға үйір, созылмалы ауруы болуына байланысты үнемі дәрі қабылдайтын, вегетариан әйелдерге міндетті түрде тексеріліп, дәрумендерді уақытылы қабылдауды ұсынар едім. Сондай-ақ ұрықтың туабітті кемістіктерінің алдын алу үшін фолий қышқылын қабылдау керек", - деді ол.
Дәрігердің айтуынша, соңғы кезде жатырдан тыс жүктілік көбейіп кеткен.
"Жүктілікті жоспарламағаннан, оған дайындалмағаннан кейін іште баланың дамымай қалуы, жүрегі соқпай қалуы көптеп орын алып жатыр. Мұндай жағдайлар көбінесе 2-3, кейде 4 ай мерзімде болады. Іштегі бала неге дамымай қалады? Себебі ол ананың жатырындағы жыныс арқылы берілген асқынулардан болуы мүмкін. Мұндай жағдай болса, бірден себебін іздеу керек. Дәрігерге барып, тексеріліп, жоспарлы түрде ем қабылдап, жүктілікке дайындалу қажет. Көпшілік әйелдер қалқанша безіне мән бермей жатады. Алайда мұның әйел денсаулығында атқаратын рөлі өте зор. Әйелдер денсаулыққа баса назар аударуы керек. Себебі өмірге дені сау ұрпақ әкелу әйелге байланысты. Дұрыс тамақтану, жиі қозғалыста болу, салауатты өмір салтын ұстану өте маңызды", - деді ол.
Ағзадағы әртүрлі дәруменнің жетіспеушілігі ананың да, баланың да жағдайын төмендетіп, кейде жазылмас ауруға душар етеді.
"Мысалы, көптеген қыздар тұрмысқа шықпай тұрған кезінде ет жемеуі мүмкін. Қазір жастар тез дайындалатын тағамдарға әуес қой. Ал бұл болашақ ананың бойындағы анемия, темірдің жетіспеушілігі, гастритке алып келуі мүмкін. Өз кезегінде бұл ауруларды емдемесе, мерзімінен бұрын босанып қалу қаупі туады", - деді ол.
Дәрігер фолий қышқылының әйел ағзасы үшін маңыздылығына тоқталды.
"Жоғарыда айтқанымдай, әйелдер жүктілікті жоспарламас бұрын немесе жүктіліктің алғашқы триместрінде міндетті түрде фолий қышқылын 4 мг қабылдау керек. Біздің ағзамыз биохимиялық реакцияларға толы. Ұрықтың даму жүйке жүйесінің түтікшесі деген болады. Ол өсе келе баланың миы мен омыртқа жұлынына айналады. Фолий қышқылының жетіспеушілігінен аталған ұрық түтікшесінің дефектісі туындауы немесе жүктілік ары қарай дамымауы мүмкін. Сондықтан жүктілікті жоспарлаған жұп жоғарыда айтқанымдай, 3 ай бұрын, тек қана әйел емес, жолдасы да күн сайын қабылдауы керек. Ал жоспарламай, жүкті болған әйелдің 12 аптаға дейін ішуге уақыты бар", - деді терапевт.
Оның айтуынша, қазіргі таңда әйелдердің көпшілігінде темір жетіспеушілік анемиясы кең таралған.
"Жүктілікті жоспарлаған кезде фолий қышқылын профилактикалық доза ретінде, яғни күн сайын 60 мг қабылдау керек. Ал тіркеуге қойылып, анализ тапсырған кезде анемия байқалса, міндетті түрде 120 мг препаратын қабылдау керек. Себебі салмағы аз болып туатын балалардың басым бөлігі темір жетіспеушілігі анемиясымен дүниеге келеді. Сонымен қатар босанғаннан кейін көп қан кету, сепсис қаупі бар. Бір қарағанда көпшілік үшін темір жетіспеушілік анемиясы жай нәрсе болып көрінеді. Ал оның салдары өкінішке қарай, орны толмас қайғыға алып келуі мүмкін", - деді ол.
Жүктіліктің алғашқы аптасында болашақ ана ерекше күтімді қажет етеді.
"Ауыр көтермеу, уақытылы тамақтану, ағзаға қажетті дәрумендерді жеткілікті әрі уақытылы ішу және дұрыс ұйықтау керек. Ал жүктіліктің екінші жартысында аяғы ауыр әйелдің ағзасындағы темірге деген сұраныс күніне 30 мгр-ға артады. Бұл мөлшердің барлығын тек қана тамақтану арқылы сіңіру мүмкін емес. Темір жетіспеушілігін тудырмас үшін дәрігер тағайындаған дәрумендер мен минералды заттарды ішу керек. Ағзадағы темір жетіспеушілігі ағзада бірден байқалады. Әйел шаршап, өңі бозарып, кез келген ауруға бейім болады. Сондай-ақ ағзаға қажетті маңызды элементтердің бірі – йод. Егер әйелде йодтың жетіспеушілігі орын алса, жүктілік ерте тоқтауы мүмкін. Ал D дәрумені мезгілінен ерте босанудан сақтап, екінші жағынан баланың салмағының өсуіне пайдасы мол. Осыған қоса Омега-3 майлы қышқылы ананы босанудан кейінгі күйзелістен қорғайды", - деді дәрігер.
Тәжірбиелі маман А дәруменінің пайдасы туралы айтты.
"А дәрумені ағзаның дамуына әсер етіп, түрлі ауруларға қарсы тұруға пайдасы мол. Сондай-ақ шаштың, тырнақтың өсуіне әсер етеді. Егер А дәрумені жетіспесе, тері құрғап жарылып, түсі күңгірттенеді. А дәрумені жұмыртқа, бауыр, сүтте көп кездеседі. Сәбізде де А дәрумені бар. Бірақ шамадан тыс мөлшерде жиналған А дәруменінің пайдасынан зияны көп. Орнымен болғаны дұрыс", - деді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!