Танымал әнші Ақбота Керімбекова Adal Adam Youtube-жобасына берген сұхбатында жас кезінде өзіне қалталы кісінің қырындағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнер иесі ол уақытта академия студенті болған.
"Академияда 3-4 курс оқып жүрген кезімде Досхан Жолжақсынов Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрды басқарып тұрған. Ол кісілер менің гитарамен ән айтып жүргенімді ұнатып, көбінесе отырыс, тойларына шақыратын. Бір күні Досхан ағаның шаңырағында той болды. Бардым, гитарамен әнімді айттым. Қайтатын кезде Досхан аға бір кісіге "қарындасымды жеткізіп тастаңызшы" деді, өйткені үйіміз бір бағытта еді. "Жарайды" деп сол кісінің көлігіне отырдым, жолда келе жатқанда маған қырындай бастады. Енді мен студентпін, жап-жаспын мұндайды түсінбеймін. "Қарындасым, бір жерге барайық" деген сияқты әңгіме айтып бастады. Мен "не үшін?" дедім, сонда "енді өнерге қадам басқың келіп жүр екен, саған қолдау керек, мен саған демеуші боламын" деді. Оның сөзіне қатты намыстанып кеттім де, "рақмет. Алла бар ғой, сахнаға өзі күшіммен, адал еңбегіммен шығамын" дедім. "Шыға алмайсың" дейді маған, "шыға аламын" дедім. Сөйтіп екеуміз сөзге керісіп қалдық. "Осыдан қарап тұрыңыз, сахнаға өз еңбегіммен шығамын, қолдаусыз" дедім. Сол бір сөз менің намысыма қатты тиді. Өнердің бәрі сатылмайды ғой. Ондайлар бар шығар, бірақ бәрін сондай деуге келмейді. Сырттан өсек те кетеді, әңгіме де кетеді. Бірақ бәріне ере беретін болсақ, өмірде жақсы адам қалмайды", - деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!