Грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының финалына шыққан Демеу Жадыраев шағын сұхбат беріп, бүгінгі жекпе-жектерін қорытындылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Олимпиада ойындары болғандықтан, ешбір белдесу оңай болған жоқ. Ешкімді бөліп-жармаймын. Төрткүл дүние көз тіккен жарыс, сондықтан жауапкершілік жүгі ауыр. Әлі де босаңсуға болмайды. Ертең финалда жолығатын жапондық балуанмен бұрын кездесіп, жеңілген едім. Ал жартылай финалдағы әзербайжандық спортшымен оқу-жаттығу жиындарында күресіп жүрміз. Осы белдесуде бас бапкер Юрий Мельниченконың қойған тактикасымен күрестім. Бәрі ойдағыдай шықты. Қолдауларыңызға рахмет. Енді финалды күтеміз", - деді Жадыраев.
Еске салайық, бұған дейін грек-рим күресінен Қазақстан командасының мүшесі Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасының финалына өткенін хабарлаған едік.
77 келі салмақта сынға түскен Демеу жартылай финалда әзербайжандық Санан Сүлеймановтан басым түсті.
Финал ертең, 7 тамызда өтеді. Демеудің ақтық сындағы қарсыласы жапониялық Нао Кусака болады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!