Кез келген жұмыс істейтін адам еңбек демалысын асыға күтеді. Алайда еңбек демалысы ойдағыдай өтуі үшін оны алдын ала жоспарлау және оны дұрыс рәсімдеу маңызды. Massaget.kz еңбек демалысы жайлы білу керек маңызды нәрселерді ұсынады.
Компанияда алты ай жұмыс істеген кез келген қызметкер демалысқа шығуына құқылы. Әр қызметкердің жарты жыл өткен соң, басшылыққа екі апта бұрын ескертіп, кез келген уақытта еңбек демалысын пайдалану мүмкіндігі бар. Егер жұмыс беруші қарсы болмаса, еңбек демалысына дайындала берсеңіз болады.
Егер сіз жұмыс берушімен шарт жасаспай жұмыс істеп жатқан болсаңыз, яғни жалақыны конвертте алып жүрсеңіз, онда еңбек демалысына байланысты мәселе туындауы мүмкін. Өйткені құжат бойынша жұмыс берушімен сізді заңды тұрғыда ештеңе байланыстырмайды, сол себепті демалысыңызды талап ете алмайсыз.
Жалпы жыл сайынғы төленетін еңбек демалысы ҚР-ның Еңбек кодексіне сәйкес 24 күнтізбелік күнді құрайды. Еңбек демалысына берілетін 24 күнді бөліп алуға болады, алайда оның бір бөлігі 14 күнтізбелік күннен аз болмауы тиіс. Бірақ кей жұмыс орындарында еңбек шартында еңбек демалысының көп саны белгіленуі мүмкін.
Егер еңбек шарты тоқтаған болса, ал сіз еңбек демалысына берілетін күндерді пайдаланбаған болсаңыз, жұмыс беруші сізге өтемақы беруі тиіс.
Еңбек демалысына берілетін ақша бір айлық кірісіңізден көп немесе аз түсуі мүмкін. Еңбек демалысына тиімді шығу үшін нені білу керек?
Еңбек демалысы жұмыс күндерімен емес, күнтізбелік күндермен есептеледі: еңбек демалысындағы демалыс күндер соның ішіне кіріп кетеді, бірақ демалыс күндерге ақша төленбейді. Алайда ресми мереке күндер саналмайды да, еңбек демалысы созылады.
Еңбек демалысын аларда ұзағырақ демалығыңыз келе ме немесе көбірек ақша алғыңыз келе ме шешіп алыңыз. Шешіміңізге қарай еңбек демалысына шығу керек ай да өзгереді.
Ұзағырақ демалу үшін еңбек демалысына қай кезде шығу керек?
Көпшілік адам еңбек демалысына шығар кезде оның барынша ұзақ болғанын және тағы да қолданылмаған күндер қалғанын қалайды. Ұзағырақ демалу үшін еңбек демалысын мерекесі көп айда алу керек. Қазақстанда ең көп мереке болатын айларға наурыз (5 мерекелік күн), қаңтар (3 мерекелік күн) және мамыр (3 мерекелік күн) жатады.
Алайда бұл айларда еңбек демалысына арналған ақша аз түседі. Егер сіз үшін еңбек демалысының күндері маңызды болса және барынша ұзағырақ демалғыңыз келсе, наурыз, мамыр, желтоқсанның аяғы мен қаңтардың басына жоспарлаған жөн. Мерекелік күндер еңбек демалысын толықтыратындай болуы керек. Егер еңбек демалысында мерекелік күндер болса, еңбек демалысы сол күндерге ұзартылатынын біле жүріңіз.
Еңбек демалысына қалай тиімді шығуға болады?
Егер демалғыңыз келсе және қаржылық жағынан қиналып қалғыңыз келмесе, еңбек демалысын жұмыс күндері көп, ал демалыс күндері аз айда алу керек. 2024 жылы Қазақстанда сәуір (22 күн), қазан (22 күн), қыркүйек (21 күн) және қараша (21 күн) айларында жұмыс күндері көп.
Сондай-ақ егер қандай да бір жобаны аяқтағаныңыз үшін жақын арада сыйлықақы түсетін болса, еңбек демалысына сыйлықақы түскеннен кейін шыққан дұрыс. Себебі оны есеп кезінде ескереді де, еңбек демалысына арналған ақша көбірек болады.
Ал егер жақында жалақыңызды көтерген болса, бірден еңбек демалысына шығу тиімсіз. Себебі еңбек демалысыңызды соңғы бір жылдағы жалақыңызды (яғни, бұрынғы жалақыңызды) есепке ала отырып есептейді.
Бір күндік орташа ақыны демалыс күндерінің санына көбейтсек, демалыс ақысы шығады. Қарапайым формула. Ал бір күндік орташа ақы 12 айда алған жалақыны жұмысқа шыққан күндерге бөлу арқылы есептеп шығаруға болады. Ал бірақ егер қызметкер ол ұйымда бір жылдан аз уақыт жұмыс істеген болса, бір күндік орташа ақыны іс жүзінде өтелген жұмыс күндеріне бөледі.
Мысалы, бір жыл бойы 200 000 теңге жалақы алып, 24 күн еңбек демалысына шыққан жұмысшының ақысын есептеп көрейік. Оның жұмыс кестесі - бес күндік, жалпы алғанда - 40 сағат.
Оның бір күндік орташа ақысын есептеуіміз керек:
200 000*12 = 2 400 000
Осы мерзімдегі жиынтық сома: 2 400 000 теңге
Осы уақыт аралығында өтелген жұмыс күндерінің саны: 249 күн
Бір күндік орташа ақы: 9638, 55 теңге
Еңбек демалысы кезіндегі нақты жұмыс күндерінің саны: 18
Сонда демалыс ақысы: 9836, 06 теңге * 18 күн = 177 049,08 теңге
Ескерту: бұл сомадан міндеттелген зейнетақы жарнасы мен жеке табыс салығы шегеріледі.
Еңбек демалысы өтемақысы демалысқа үш күн қалған уақытта төленуі тиіс. Ал, еңбек демалысы кестесінен тыс демалыс алған жағдайда демалысқа шыққан уақыттан бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей төленуі керек. Қалауыңызға қарай есеп бөліміне тиісті өтінішіңізді жаза отырып, еңбек демалысының ақысын жалақы алған күні алуға да болады.
Ұжымды жерге қаратып кетпес үшін және өзіңіздің жиі мазаңызды алмас үшін екі апта бұрын жұмысыңызды әріптестеріңізге тапсырып кетіңіз. Иә, демалысқа кетерде ойыңыз жұмыстан бөлініп, демалатын жер жайлы ойлай беруіңіз мүмкін. Алайда бұл өзіңіз үшін жақсы. Кетерде жұмыстарыңызды реттеп шығыңыз.
Сізді алмастыра алатын, поштаңызды тексеріп, жұмысқа байланысты сұрақтарды шешетін адамды тағайындап кеткен дұрыс. Сіз жоқта ешқандай мәселе туындамас үшін әріптесіңізге барлық нәрсені түсіндіріп қойыңыз.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!