Көп адам демалыстан оралған соң чемоданды бірден төсектің үстіне қояды, бірақ бұл әдеттің салдарын ойлана бермейді. Алайда микробиологтар бұл сіз ойлағаннан да қауіпті болуы мүмкін екенін ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Daily Mail басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, чемодан дөңгелектері қоғамдық дәретханалардың орындығымен салыстырғанда шамамен 58 есе лас болуы мүмкін. Зерттеушілер чемоданның дөңгелектері, түбі мен тұтқасын тексеріп, тосын жайтты анықтаған.
Басты мәселе – дөңгелектердің әуежай, көше және дәретханадағы түрлі жерге тиюі. Зерттеуге қатысқан микробиолог Эми-Мэй Пойнтердің айтуынша, чемодан өзімен бірге патогендер, өзге де микробтарды жинайды. Оларды турист байқамай үйге, соның ішінде кілемге, төсекке алып келуі мүмкін.
Микробиолог бірнеше кеңес берді:
- шалшық пен лас жерлерден аулақ жүру. Дөңгелекке аз "қоқыс" жабысса, үйге аз бактерия апарасыз;
- чемоданды ұстаған соң қол жуу. Багаждың құлағы да кір жинайды;
- үйге келген соң чемоданды бірден дезинфекциялау. Антисептик құйған сүлгімен немесе сабынды шүберекпен сүртіңіз;
- мүмкіндік болса, дөңгелектерді жуу. Оларды жылы сабынды суға салып қоюға болады;
- матадан жасалған чемодандарды шаңсорғышпен тазалап, зеңді ас содасы немесе жұмсақ щетка мен ерітінді көмегімен сүртіңіз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова