Демалыс басталысымен монша мен саунаға бару көпшілік үшін ежелден қалыптасқан дәстүр. Адамдар үшін бұл үрдіс тек демалу мақсатында ғана емес, сонымен қатар денсаулықты жақсартудың маңызды бөлшегіне айналып кеткен. Massaget.kz тілшісі моншаға бару кезінде білу керек деректер мен артықшылықтарды тізді.
Қан айналымын жақсартады
Моншаға бару адам бойындағы қан тамырларды кеңейтуге көмектеседі. Әлбетте ол қан айналымын жақсартады. Дене тіндері мен ағза мүшелерін маңызды қоректік заттармен және оттегімен қамтамасыз етіп, метаболизмді жылдамдатады.
Ағзаны тазартады
Бу бөлмесінде қарқынды түрде терлеу ағзадағы улы заттарды тазартуға көмектеседі. Ыстық бу тері тесіктерін ашып, кір басқан және өлі тері жасушаларын тірілтіп, теріні тегіс әрі сауықтырады.
Бұлшық еттер мен буындарды босаңсытады
Саунадағы ыстық будың бұлшық еттер мен буындарға берер пайдасы мол. Әсіресе созылмалы ауруы бар адамдарға, сондай-ақ жиі физикалық ауыр жұмыстармен айналысатын жандарға таптырмас дүние. Сауна буы сонымен қоса бұлшық ет ауруын жеңілдетуге көмектеседі және қайта қалпына келтіруді тездетеді.
Иммунитетті нығайтады
Жоғары температура иммунитетті нығайтуға және оны жақсартуға көмектеседі. Монша ағзаны инфекциялардан қорғайтын лейкоциттердің қарқынды жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Стресті төмендетеді және көңіл күйді жақсартады
Моншаға бару эндорфиндердің - "бақыт гормондарының" бөлінуіне байланысты стресс деңгейін төмендетеді. Бу бөлмесіндегі релаксация көңіл күйді жақсартуға және психоэмоционалды стресті азайтуға көмектеседі.
Жүрек мәселелері
Жоғары температура жүрек-қан тамыр жүйесіне күш түсіруі мүмкін. Жүрек ауруы немесе қан қысымы жоғары адамдар саунаға барар алдында дәрігермен кеңесуі керек.
Сусыздану қатері
Егер ағзадағы сұйықтықтың азаюы қайта қалпына келтірілмесе, шамадан тыс терлеу сусыздануға әкеп соқтыруы мүмкін. Мұндай қауіптің алдын алу үшін моншаға дейін және одан кейін көп су ішу маңызды.
Тыныс алу проблемалары
Астма сияқты созылмалы респираторлық аурулары бар адамдар моншаға барғанда абай болғаны абзал. Ыстық бу және тым жоғары ылғалдылық ауруды асқындыруы бек мүмкін.
Тері аурулары
Егер сізде экзема немесе псориаз сияқты тері аурулары болса, моншаға бару жағдайды одан сайын ушықтыруы мүмкін. Мұндай жағдайларда дерматологпен кеңесу керек.
Ішкі сезіміңізге мән беріңіз: бастапқыдан-ақ ыңғайсыздық немесе бас айналуын сезінсеңіз, бу бөлмесінен дереу шыққан жөн.
Моншаға дейін және одан кейін жеткілікті мөлшерде су ішіңіз.
Бу бөлмесінде тым ұзақ отырмаңыз: жағдай қалыпты болуы үшін - 10-15 минут, содан кейін үзіліс жасау керек.
Ұдайы түрде салқындап отырыңыз: моншадағы ыстық будан кейін бірден суық судан аулақ болып, денеңізді біртіндеп салқындатуға мүмкіндік беріңіз.
Дина Литпин
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!