Дүкеннен немесе Duty Free-ден алған кәдімгі пакет шекарада қиындық туғызуы мүмкін. Кейбір елдерде пластик пакеттерді қолдануға және сатуға ғана емес, елге алып кіруге де тыйым салынған. Ережені бұзған туристерге айыппұл салынып, шекарадан өткен кезде пакеттері тәркіленуі мүмкін. Tengri Travel мұндай шектеулер қай елдерде барын, туристер нені ескеруі керек екенін және 2027 жылы қай мемлекеттерде жаңа тыйымдар енгізілетінін анықтады.
Танзания
Танзания елшілігі мәліметінше, бұл елде пластик пакеттерге қатысты ең қатаң тыйымдардың бірі қолданылады. Елшілік ақпаратына сәйкес оларды мемлекет аумағына алып кіруге және пайдалануға болмайды.
Әуежайлар мен шекара бекеттерінде арнайы жинау пункттері қарастырылған. Туристер елге кірер алдында пластик пакеттерін сол жерге қалдыра алады.
Саяхатшы мұндай пакеттерді жүгімен немесе қол жүгімен алып келсе, кеден және басқа да уәкілетті қызметтер оларды тәркілеуі мүмкін.
Тыйымды бұзғаны үшін мынадай айыппұлдар қарастырылған:
Бұдан бөлек, осындай құқықбұзушылықтар үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза да қарастырылған.
Туристерге кеңес: Танзанияға сапар шегер алдында жүгіңіз бен қол жүгіңізді тексеріп алыңыз. Тіпті үйреншікті супермаркет пакеттерін де алмаған жөн.
Біріккен Араб Әмірліктері
БАҚ мәліметінше, осыған ұқсас шектеулер Біріккен Араб Әмірліктерінде де қолданылады. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл елде бір реттік пластик пакеттерді, соның ішінде биологиялық ыдырайтын түрлерін де импорттауға, өндіруге, қолдануға тыйым салынды.
Дубайда шектеулер кезең-кезеңімен енгізілді. 2024 жылғы маусымнан бастап тыйым басқа материалдардан жасалған бір реттік пакеттерге, ал 2025 жылғы қаңтардан бастап түтікшелерді, араластырғыштарды және пенополистирол контейнерлерді қосқанда, бірқатар бір реттік пластик өніміне қолданыла бастады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап шектеулердің соңғы кезеңі күшіне енді. Ол бір реттік пластик тәрелкелерге, ас құралдарына, стақандарға және сусындарға арналған қақпақтарға қолданылады.
Туристер сауда жасау кезінде жергілікті ережелерді ескеруі керек, дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарында үйреншікті пластик заттар қолжетімді болады деп үміттенбегені абзал.
Бангладеш
Bangladesh Post мәліметінше, Бангладеште пластик пакеттерге тыйым салынғанына бірнеше жыл болған, алайда 2024 жылы билік оны бақылауды күшейтті. 1 қазаннан бастап супермаркеттерде тексерістер жүргізіле бастады, 1 қарашадан бастап ол бүкіл елдегі базарларды қамтыды.
Осылайша, тыйым салынған полиэтилен және полипропилен пакеттерін өндіруге, сақтауға, тасымалдауға, сатуға, пайдалануға шектеу енгізілді.
Олардың орнына билік кендірден, матадан немесе қағаздан жасалған сөмкелерді пайдалануды ұсынды.
Бангладешке баратын туристер де осы ережелерді есте сақтап, сауда жасауға арналған көп реттік сөмке дайындап алғаны жөн.
ThatOneMap дерегіне сүйенсек, пластик пакеттерге шектеулер әлемнің көптеген елінде қолданылады: 59 елде оларға толық тыйым салынған, ал тағы 26 елде ішінара шектеулер бар.
Таяу жылдары бұл шектеу кеңейе түседі. Бірнеше елде жаңа ережелер жоспарланған.
Армения
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Арменияда сауда және қоғамдық тамақтану орындарында пластик пакеттер мен бір реттік пластик ыдыстарды пайдалануға тыйым салынады.
Бұл шектеулер тек дүкендерге емес, сонымен қатар, дәмханаларға, мейрамханаларға және басқа да қоғамдық тамақтану орындарына қатысты болады.
Қырғызстан
Дәл осы күннен бастап Қырғызстанда да жалпыұлттық шектеулер күшіне енеді. Олар пластик пакеттердің белгілі бір түрлерін өндіруге, сатуға және тегін беруге қатысты болмақ.
Сондықтан саяхатшылар мен ел тұрғындары тауар сатып алу кезінде жаңа ережелерді ескеріп, сөмкелерді пайдаланғаны дұрыс.
Еске салайық, осыған ұқсас шектеулер Қытайда да бар. 2026 жылғы 15 тамыздан бастап онда бір реттік пластиктің кейбір түрлерін, соның ішінде ыдырамайтын пакеттерді өндіруге, сатуға және пайдалануға қатысты Экологиялық кодекс күшіне енді. Енді туристерге сөмкелер мен шопперлер алып жүру ұсынылады.
Әр елде пластик пакеттерге тыйым салу ережелері әртүрлі. Кейбір жерлерде елге алып кіруге және пайдалануға толық тыйым салынса, кей жерлерде бір реттік қаптаманы өндіруге, сатуға немесе таратуға шектеу қойылған.
Саяхат кезінде келеңсіздіктерге тап болмау үшін бірнеше қарапайым ережені сақтаған жөн:
Жергілікті шектеулерді алдын ала біліп алыңыз. Пластик пакеттерге салынған тыйым бір рет қолданылатын барлық бұйымға қатысты дегенді білдірмейді. Бір елдің өзінде өңірге қарай ережелер өзгеруі мүмкін.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!