Әріптесіңіз еңбек демалысына немесе еңбекке жарамсыздығына байланысты демалысқа шығып, оның жұмысы сізге жүктелді ме? Енді мұндай міндет үшін қосымша ақы төленуге тиіс, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек кодексінің 111-бабына түзетулер енгізді. Осылайша еңбек шартында әріптесінің орнын басу міндеті алдын ала жазылған болса, қызметкерге қосымша ақы төлемеуге мүмкіндік берген норма алып тасталған.
Еңбек және әлеуметтік серіктестік департаментінің басқарма басшысы Арайлым Ибраева 2026 жылы 8 маусымнан бастап кез келген жұмысты алмастыру ресми түрде қосымша жүктеме екенін және ол үшін жұмыс беруші ақы төлеуге міндетті екенін айтты.
"Жұмыс беруші үстемеақы мөлшерін өз бетінше белгілей алмайды. Оны қызметкермен келісуге тиіс. Қызметкер төлем мөлшерімен келіспесе, жұмыс беруші біржақты тәртіппен оған уақытша орнында жоқ қызметкердің міндетін жүктей алмайды", - деді Еңбек министрлігі өкілі.
Арайлым Ибраеваның айтуынша, қызметкер 8 маусымнан кейін әріптесінің орнына қосымша ақысыз жұмыс істесе, жұмыс беруші оны рәсімдеп, ақысын төлеуге тиіс. Басшылық бұдан бас тартса, қызметкер мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгіне алады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!