Демалыс – денеміз тынығып, жанымыз жаңа әсерден ләззат алуға тырысатын уақыт, алайда демалыс кезінде бізді алаңдататын - қаржы мәселесі. Дегенмен де, демалыс кезінде ақшаны үнемдеуге көмектесетін көптеген қарапайым және тиімді әдістер бар. Fingramota.kz пайдалы лайфхактар ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
1. Бәрін жоспарлап алыңыз
Демалысқа дайындық демалыс басталғанға дейін басталады. Ондағы ең маңыздысы - бюджетті демалысқа шықпас бұрын жоспарлап алу. Демалыс кезінде демалу мен ойын-сауыққа қанша ақша жұмсауға дайын екеніңізді анықтап алыңыз, ол сомаға көлік, қонақ үйде тұру, тамақтану және ойын-сауық, туыстарыңыз бен жақындарыңызға сыйлықтар кіретінін ескеріңіз. Күтпеген шығындарға бой алдырмас үшін шығындардың егжей-тегжейлі жоспарын жасаңыз. Сіздің жеке қаржылық жоспарыңыз болуға тиіс.
2. Билеттерді күні бұрын сатып алыңыз
Егер сіз сапарыңыздың бағытын нақты белгілеп алсаңыз, билеттер сатып алуды кейінге қалдырмаңыз. Билеттерді неғұрлым ерте сатып алсаңыз, бұл сіздің бюджетіңіз үшін соғұрлым тиімді болмақ.
Мүмкін болса, саяхаттау үшін күндерді ауыстыруды таңдаңыз. Көп жағдайларда ұшу күнін бір күнге ауыстырғанның өзінде билеттің құнын айтарлықтай төмендетуге болады. Межелеген жерге тікелей ұшпай, әуе көлігі ауысатын рейстердің нұсқаларын қарастырыңыз, егер ол тым ұзаққа созылмаса, бұл да сіздің қаражатыңызды айтарлықтай үнемдеуі мүмкін.
3. Арнайы ұсыныстар мен жеңілдіктерді іздеңіз
Қонақүйлерді, көлік билеттерін, экскурсияларды және басқа қызметтерді брондау кезінде жеңілдіктер мен арнайы ұсыныстарды пайдаланыңыз. Көптеген платформалар айтарлықтай жеңілдіктермен ерте брондауды ұсынады. Сондай-ақ туристік компаниялар мен қонақүйлердің акциялары мен бағдарламаларының шынайылығын зерттеп алған жөн. Қазір көптеген туристік фирмалар «күйіп кетейін деп тұрған турларды» ұсынады, мұндайда лицензиясының, сондай-ақ ресми сайтының, әлеуметтік желілердегі аккаунттарының, пікірлердің болуына назар аудара отырып, компанияны таңдағанда абай болу керек.
4. Тұратын жердің балама нұсқаларын қарастырыңыз
Қымбат қонақүйлердің орнына Airbnb немесе Couchsurfing сияқты платформалар арқылы тұрғын үйді жалға алуды қарастыруға болады. Бұл экономикалық тұрғыдан тиімді, сонымен қатар жергілікті атмосфераны шынайы сезінуге мүмкіндік береді. Бағаларды қадағалаңыз, басқа келушілердің пікірлерін салыстырыңыз, сіз таңдаған тұрғын үйге не жақын екенін көріңіз және т.б.
5. Жергілікті көрікті жерлерді тегін немесе арзан баға тамашалаңыз
Көптеген қалалар тегін немесе арзан экскурсиялар мен басқа да іс-шараларды ұсынады. Көпшілік елдерде топтамалық ұсыныстар, карталар болады, онда сіз белгілі бір сомаға бірнеше көрікті жерді көре аласыз. Оларды өз бетіңізше немесе қолжетімді нұсқаларды ұсынатын экскурсиялық топтармен бірге зерттеңіз.
6. Қоғамдық көлікті пайдаланыңыз
Шетелде таксидің орнына автобуспен, метромен, трамваймен, пойызбен жүру немесе автокөлікті не велосипедті жалға алу қызықты ғана емес, сонымен қатар үнемдеу тұрғысынан да пайдалы. Мұндай көлік түрлерін таңдау туристік орынның айналасында жол жүру шығыстарын едәуір азайтады, сонымен бірге көрікті жерлерді көбірек көресіз және жағымды әсерлер де мол болады.
7. Жергілікті базарлар мен дүкендерді зерттеңіз
Туристік дүкендерге қарағанда жергілікті базарлардан кәдесыйлар мен тауарлар сатып алу жиі жағдайда үнемді болып келеді. Бұдан басқа, бұл – жергілікті мәдениет пен дәстүрлермен танысудың керемет тәсілі.
8. Төлем карталарымен төлеңіз
Төлем карталарын, ал ең дұрысы шығындарды қадағалап отыруға және кэшбэк немесе жеңілдіктер алуға мүмкіндік беретін виртуалды карталарды пайдалану сізге демалыс кезінде бюджетті тиімді басқаруға көмектеседі.
Шетелде пайдалану үшін комиссиясы аз карталарды таңдаңыз және сіздің банкіңіздің алаяқтықтан қорғау қызметтерін ұсынатынына көз жеткізіңіз. Сондай-ақ, Желіде карточканы пайдаланған кезде цифрлық гигиена туралы естен шығармаңыз.
9. Валютаны ақылмен айырбастау
Әуежайларда немесе туристік пункттерде валюта айырбастамаңыз, онда комиссиялар жоғары болуы мүмкін. Мұны алдын ала банкте немесе сенімді айырбастау платформалары арқылы жасаған жөн.
10. Ұзақ мерзімді пайданы жоспарлаңыз
Демалыс кезінде үнемдейтін уақытта болашақ туралы ойлаудың қаншалықты маңызды екенін ұмытпаңыз. Қаржыны дұрыс жоспарлау және басқара білу үнемделген қаражатты келесі сапарларға жұмсауға немесе басқа мақсаттарға, мысалы, техника, гаджеттер сатып алуға немесе білім алуға жіберуге мүмкіндік береді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!