- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- әуе тасымалы
Делиден бала ауыр жағдайда ұшып келді: Алматы әуежайы реанимобильді неге кіргізбегенін түсіндірді

Алматы халықаралық әуежайы 12 қаңтарда Делиден Алматыға ұшқан Air Astana әуе компаниясының рейсінде болған жағдай туралы тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
12 қаңтарда Делиден Алматыға ұшқан рейс бортында зембіл мен медициналық алып жүруді қажет ететін жолаушы болды. Қонғаннан кейін оған көмек көрсету үшін арнайы техникасы бар әуежай командасы күтті. Алайда күтпеген жерден қаладан реанимобиль әуежай аумағына алдын ала келісусіз келді.
"Медициналық көмек көрсету және онымен байланысты қызмет Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 6 маусымдағы "Азаматтық авиациядағы жолаушыларға медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы" № 329 бұйрығымен реттеледі.
Халықаралық хаттамаларға сәйкес, егер жолаушының медициналық проблемалары болса, әуе компания арнайы кодтармен хабарлау арқылы осы жолаушының бортында бар екендігі туралы әуежайға хабарлайды. Халықаралық стандарттарға сәйкес, бұл жолаушылардың бірнеше санаты бар. Әуе компаниядан STCR коды жіберілді (жолаушыға зембіл қажет). Алматы халықаралық әуежайы тарапынан жолаушы бортының ұшуы бойынша STCR арнайы техникасы бар команда күтіп тұрды", - делінген хабарламада.
Жолаушыны алып жүрушілер әуежайдың жедел жәрдем көлігімен тасымалдаудан бас тартты, соның салдарынан жолаушы шекаралық бақылау аймағына жеткізілді.
"Әуежай қызметкерлеріне медициналық бригадасы бар бөгде реанимобильдің қаладан әуежай аумағына келу қажеттілігі туралы алдын ала хабарланған жоқ. Реанимобиль сол уақытта және әуежай қызметтерінің келісімінсіз келді. Бөгде көлікті перронға жіберу үшін белгілі бір келісу рәсімдері бар. Ол үшін рейсте жатқан жолаушы туралы ақпарат, оның диагнозы және басқа да маңызды мәліметтер рейстен кемінде 24 сағат бұрын немесе әуе кемесі қонғанға дейін 2 сағат бұрын ұсынылуы керек. Бұл ақпарат ұсынылған жоқ. STCR командасының қызметкерлері жолаушының жағдайын көріп, әуежайдың медициналық қызметі мен жедел жәрдем көлігін шақырды. Жолаушы шекаралық және кедендік бақылаудан әуежай қызметінің сүйемелдеуімен кезексіз, қозғалуы шектеулі жолаушы ретінде өтті. Бақылаудан өткен сәтте жолаушылар арасында жағдайы ауыр және ерекше медициналық қажеттіліктері бар баланың болуы туралы ақпарат әуежайда болған жоқ. Әуежай қызметкерлері белгіленген процедуралар мен ережелерге сәйкес қатаң түрде әрекет етті", - деді әуежайда.
Алматы әуежайы сырқаттары ауыр жолаушыларға арналған сүйемелдеу қызметі жұмыс істейтінін айтты.
"Алматы халықаралық әуежайы баланың тез сауығып кетуіне тілектес. Біз жолаушылар үшін, әсіресе ерекше қолдауды қажет ететіндер үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын түсінеміз. Әуежайда қозғалуы шектеулі жолаушыларға, соның ішінде сырқаттары ауыр жолаушыларға арналған сүйемелдеу қызметі жұмыс істейді. Бұл қызметті алу үшін әуе компанияға немесе әуежайға алдын ала хабарлау қажет", - делінген хабарламада.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жапатова