Декреттік төлем қалай рәсімделеді және есептеледі?

Декреттік төлем қалай рәсімделеді және есептеледі?
Фото: elements.envato.com

Болашақ анаға қандай төлем төленеді? Декреттік демалысқа арналған төлем қалай есептеледі? Есептеу формуласы қандай? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтардың жауабын анықтап көрді. 

Жұмыс істейтін әйелдерге босануға дейін күтілетін күнге дейін 70 күн және бала туғаннан кейін 56 күн декреттік демалыс беріледі. Егер босану асқынған болса, бір уақытта екі немесе одан да көпбаланың туу жағдайында демалыс қосымша 14 күнтізбелік күнге ұзартылады.

Баланың дүниеге келуіне байланысты демалыстың қандай түрлері бар?

Жүкті әйелдерге, бала туған әйелдерге, жаңа туған баланы асырап алған әйелдерге (еркектерге) баланың дүниеге келуіне байланысты мынадай демалыстар беріледі:

  • жүктілікке және босануға байланысты демалыс;
  • жаңа туған баланы асырап алған қызметкерлерге демалыс;
  • бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс;
    Бұл туралы Еңбек Кодексінің 99-бабында жазылған.

elements.envato.com

Декреттік демалыс алу үшін не істеу керек?

  • Жүктілік және босану бойынша декреттік демалыс үшін сізге еңбекке уақытша жарамсыздық парағын (жарамсыздық парағын) алу қажет. Бұл жүктіліктің 30 аптасынан кейін сіздің акушер-гинекологыңыз, ал ол болмаған кезде дәрігер, бөлім меңгерушісімен медициналық-консультативтік комиссияның қорытындысынан кейін беріледі.
  • Дәрігерден алынған еңбекке уақытша жарамсыздық парағын жұмыста кадрлар бөліміне ұсынып, өтініш жазу керек, содан кейін декреттік демалыс туралы бұйрық шығарылады.

Декреттік төлем қалай есептеледі?

Бұл төлем кейінгі бір жылдағы орташа айлық табыс мөлшерін (ОАЖ) жұмысқа жарамсыздық күндер коэффициентіне (ЖЖКК) көбейтіп, 10 пайыз міндетті зейнетақылық аударымдарды шегеру арқылы есептелінеді.

 (ОАТ×ЖЖКК)-10 пайыз 

  • Орташа айлық табыс мөлшері кейінгі 1 жылдағы барлық табысты қосып, 12-ге бөлу арқылы есептеледі.
  • Жұмысқа жарамсыздық коэффициенті жүктілікке байланысты демалыс күндерінің саны 30 күнге бөлу арқылы есептеледі. Қалыпты жағдайдағы жүктілік пен босану кезінде жұмысқа жарамсыздық күндер саны 126.

Мысалы, сіз кейінгі 7 айда 500 мың теңге, қалған 5 айда 600 мың теңге алсаңыз, орташа айлық табыс мөлшеріңіз - 541 667 теңге. Ал Жұмысқа жарамсыздық коэффициенті 126:30=4,2. 

Есептеп көрейік:

  • (7×500 000)+(5×600 000)=3 500 000;
  • 3 500 000÷12=541 667 (1 жылдағы орташа айлық табысы);
  • 541 667×4,2=2 275 000 (4,2-жұмысқа жарамсыз күндер коэффиценті);
  • 2 275 000-10 пайыз=2 047 501 (10 пайыз - міндетті зейнетақы қорына аударым).

Демек, жылдық орташа айлық 3 миллионнан асса, декреттік төлем 2 047 501 теңге түседі. 

Бұл мысалда қалыпты босану жағдайындағы есептеу үлгісі көрсетілген. 

pixabay.com

Бала күтімі бойынша ай сайынғы әлеуметтік жәрдемақы қалай есептеледі?

"Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 маусымдағы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері мынадай мөлшерлерде белгіленген:

  • 1 балаға - 5,76 айлық есептік көрсеткіш;
  • 2 балаға - 6,81 айлық есептік көрсеткіш;
  • 3 балаға - 7,85 айлық есептік көрсеткіш;
  • 4 және одан да көп балаға - 8,90 айлық есептік көрсеткіш.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек