Декреттен немесе ұзақ үзілістен кейін жұмысқа қалай оралуға болады?

Декреттен немесе ұзақ үзілістен кейін жұмысқа қалай оралуға болады?
Фото: depositphotos.com

Декреттік демалыстан немесе ұзақ үзілістен кейін жұмыс іздеу қиынға соғып жатады: жұмыс берушілердің талаптары өзгереді, ал үміткер өз дағдылары мен жалақы деңгейіне қатысты күмәндануы мүмкін. Өз тәжірибеңізді қалай дұрыс бағалауға, түйіндемені жаңартуға және сұхбатқа дайындалуға болатынын Tengrinews.kz тілшісі анықтап көрді, деп жазады Massaget.kz.

Жұмыс іздеуді неден бастаған жөн?

Алғашқы қадам – өз салаңыздағы қазіргі бос жұмыс орындарын қарап шығу және бұрынғы әріптестеріңізбен сөйлесу.

Бос жұмыс орындары мен үміткерлерге қойылатын талаптарды, мысалы, Enbek.kz электронды еңбек биржасынан көруге болады: онда түйіндеме жасауға, іздеу параметрлерін реттеуге және жұмыс берушілердің ұсыныстарына жауап беруге мүмкіндік бар. Егер қазір жұмыссыз болсаңыз, дәл сол Enbek.kz платформасында, eGov немесе мансап орталығы арқылы тіркелуге болады.

HR-директор Кристина Киселева өзіңізді толық дайын сезінгенше күтпей, сұхбаттарға бара беруге кеңес береді. Себебі олар тек жұмыс табу үшін емес, еңбек нарығындағы өз сұранысыңызды түсіну үшін де қажет. Сондай-ақ сарапшы дағдыларды үш топқа бөлуді ұсынады: кәсіби білім, жұмыс дағдылары және жеке қасиеттер.

“

Нені жақсы істей алатыныңызды, ал ненің үзіліс кезінде ескіріп қалғанын түсіну маңызды. Мысалы, бағдарламалар мен құралдар өзгеруі мүмкін, бірақ адамдармен тіл табысу, келіссөздер жүргізу, мәселелерді шешу және процестерді басқару тәжірибесі ешқайда жоғалмайды.

Кристина Киселева Кристина КиселеваIT, digital, медиа және ритейл салаларында 11 жылдық тәжірибесі бар HR-директор

Өз тәжірибеңізді өзекті бос жұмыс орындарындағы талаптармен салыстырыңыз. Осылайша қай білімнің бірден қажет болатыны, ал қай құралдарды қайта меңгеру керек екені айқындалады.

Түйіндемеде үзіліс туралы не жазу керек?

Еңбек тарихындағы ұзақ үзілісті жасырудың қажеті жоқ. Түйіндемеде оның себебін – мысалы, декрет – қысқаша көрсетіп, негізгі назарды тәжірибеге, дағдылар мен жетістіктерге аударған жөн.

“

«Ең бастысы, жұмыс беруші тек үзілісті емес, сіздің қандай тәжірибеңіз бар екенін де көруі керек», – дейді Киселева.

Егер осы уақыт ішінде курстардан өтсеңіз, фриланспен айналыссаңыз немесе жобаларға қатыссаңыз, мұны да көрсетіңіз. Мұндай іс-әрекеттер сіздің дамуды тоқтатпағаныңызды немесе кәсіби дағдыларыңызды сақтап қалғаныңызды көрсетеді.

Сұхбат кезінде мансаптағы үзілісті қалай түсіндіруге болады?

Үзіліс туралы сұрақты айыптау ретінде қабылдап, жеке өміріңіз туралы егжей-тегжейлі айтудың қажеті жоқ. Себебін сабырмен түсіндіріп, қазір жұмысқа дайын екеніңізді айту жеткілікті.

Мысалы: «Менде жеке жағдайларға байланысты үзіліс болды. Қазір жұмысқа қайта оралуға дайынмын».
“

«Жеке өмірдің егжей-тегжейіне үңілудің қажеті жоқ. Бастысы – өз мотивацияңыз бен жұмысқа дайындығыңызды көрсету», – деп кеңес берді HR-директор.

Алдымен курстардан өту керек пе?

Мамандыққа қатысты барлық нәрсені басынан бастап оқу міндетті емес. Алдымен жұмыс берушілердің көбіне қандай дағдыларды талап ететінін қараңыз.

“

«Егер бос жұмыс орындарында адам меңгермеген жаңа бағдарламалар немесе құралдар жиі кездессе, онда оқудан өткен жөн. Бұл ретте шексіз оқи беріп, жұмысқа шығуды кейінге қалдыра беруге болмайды. Ең бастысы – бәрін білуге тырыспай, нақты тапсырмаларға қажетті нәрсені үйрену», – деп түсіндірді Киселева.

Осыдан кейін жұмыс іздеуді жалғастырып, қатарлас қажетті құралды меңгеруге болады. Курстар адамның айлап түйіндеме жібермеуіне себеп болмауы тиіс.

Жұмыс пен отбасылық міндеттерді қалай ұштастыруға болады?

Жұмыс іздемес бұрын, қазір сізге қай режим қолайлы екенін шешіп алыңыз: толық күн, гибридті формат немесе жұмыс күнінің икемді басталуы мен аяқталуы. Бұл шарттарды сұхбат кезінде талқылауға болады.

Мысалы: «Мені бұл позиция қызықтырады және жұмыс кестесінің икемділігін талқылағым келеді».

Кристина Киселева отбасылық міндеттер адамды кәсібилігінен айырмайтынын атап өтті.

“

«Мен декреттен балам алты айлық болғанда шықтым. Жұмыс берушілер маған икемді кесте берді және менің келу-кетуімді ешкім қадағалаған жоқ – бастысы нәтиже болды», – деп өз тәжірибесін бөлісті ол.

Сонымен қатар жұмысқа шығар алдында өзіңіздің дайындығыңызды және қандай кестені отбасылық істермен үйлестіре алатыныңызды бағамдау маңызды.

Еңбек кодексі бойынша ата-аналарға қандай кепілдіктер бар?

Бала күтіміне байланысты демалысты толық немесе бөліп, бала үш жасқа толғанға дейін пайдалануға болады. Осы уақыт ішінде қызметкердің жұмыс орны мен лауазымы сақталады. Егер қызметкер мерзімінен бұрын шыққысы келсе, ол жұмыс берушіге бір ай бұрын ескертуі тиіс. Бұл Еңбек кодексінің 100-бабында бекітілген.

Сондай-ақ заң үш жасқа толмаған баласының болуына байланысты жұмысқа орналасу құқығын шектеуге тыйым салады.

Үзілістен кейін қандай жалақыға үміт артуға болады?

Қазіргі бос жұмыс орындары мен өз тәжірибеңізге сүйеніңіз. Жұмыстағы үзілістің болуы нарықтағыдан төмен жалақыға келісу керек дегенді білдірмейді.

“

«Біраз уақыт жұмыс істемегеніңіз үшін ғана өзіңізді төмендетпеуіңіз керек. Үзіліс сіздің тәжірибеңіздің құнын түсірмейді», – деп атап өтті сарапшы.

Жұмыс берушілердің ұсыныстарын зерттеп, дағдыларыңыз бен міндеттеріңізге сәйкес келетін жалақы диапазонын көрсетіңіз. Сұхбаттар да сіздің күткеніңіз нарыққа қаншалықты сәйкес келетінін түсінуге көмектеседі.

Жаңа жұмыс іздеуді не созып жіберуі мүмкін?

HR-директор ізденісті созып жіберетін бірнеше қатені атап көрсетті:

  • алдыңғы тәжірибесін құнсыздандыру;
  • тым ұзақ дайындалу және бос орындарға түйіндеме жіберуді кейінге қалдыру;
  • өзіне сенімсіздік танытып, алғашқы ұсынылған жалақыға келісе салу;
  • жаңа жұмыстан нақты не қалайтынын түсінбеу.
“

«Нарыққа шығудан, жұмыс берушілермен тілдесуден және кері байланыс алудан қорықпаңыз. Алғашқы ұсынысқа келісуге асықпаңыз. Өз құндылығыңыз бен мақсаттарыңызды түсіну маңызды», – деп кеңес берді ол.

Жұмыс беруші қызметкерге қалай көмектесе алады?

Жаңа жұмысқа бейімделу тек қызметкерге тапсырма беріп, оны жалғыз қалдырумен шектелмеуі керек. Жұмыс беруші үшін адамды ұжыммен және жұмыс процестерімен таныстыру, түсінікті тапсырмалар беру және қолдау көрсету маңызды.

“

«Қызметкер сұрақтарын қойып, кері байланыс алуы үшін бетпе-бет кездесулерді жиі өткізіп тұру қажет», – деді сарапшы.

Ал кандидатқа ол бейімделудің қалай өтетінін, қандай міндеттерді шешу керектігін және жұмыстың қандай критерийлер бойынша бағаланатынын алдын ала нақтылап алуға кеңес береді.

Мамандыққа қайта оралуға дейінгі төрт апта

Кристина Киселева жұмыс іздеуді төрт аптаға бөлуді ұсынды:

1. Бірінші аптаДағдыларды бағалау, қолайлы лауазымды және жалақы мөлшерін анықтау.
2. Екінші аптаТүйіндемені жаңарту және өзекті бос жұмыс орындарын зерттеу.
3. Үшінші аптаТүйіндеме жіберуді бастау, жұмыс берушілермен тілдесу және сұхбаттарға бару.
4. Төртінші аптаЖауаптарды талдау және қажет болған жағдайда түйіндеме мен іздеу әдісін түзету.
“

«Міндетті түрде бір айдың ішінде жұмыс табуды мақсат етпеңіз. Әрекет етуді бастау, кәсіби ортаға оралу және мақсатқа қарай біртіндеп жылжу маңызды. Жұмысқа қайта оралудан және бәрін нөлден бастаудан қорықпау керек», – деп түйіндеді HR-директор.

Тағы не білу маңызды?

Ұзақ үзіліс – адамдардың жұмыс табуына кедергі болатын жалғыз себеп емес. Еңбек кодексі еңбек саласында жас ерекшелігі және басқа да негіздер бойынша кемсітушілікке тыйым салады.

О. Сансызбай
Logotype Massaget