Декреттегі және жұмыссыз әйелдер қатыса алмайды. "Ұмай" ипотекасы жайлы не білу керек?

Декреттегі және жұмыссыз әйелдер қатыса алмайды. "Ұмай" ипотекасы жайлы не білу керек?
Фото: ru.freepik.com

"Ұмай" бағдарламасы бойынша өтінімдер 10 мамырдан бастап қабылданатынын жазған болатынбыз. Ипотеканың бұл түрі жайлы не білу керек?

"Ұмай" ипотекасына 15,6 млрд теңге бөлінді. Аталмыш бағдарлама бойынша, бұл үшінші транш. Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларына заемның жалпы көлемінің 40%-дан аспайтын бөлігін немесе 200-ге жуық несие бөлу жоспарлануда. Несиенің 60%-ы облыстар мен шағын қалалардың тұрғындарына берілмек.

"Ұмай" ипотекасының шарттары:

  • Бастапқы жарна: айлық табысыңыз 550 000 теңгеден аспаса - 15%; Егер сіздің табысыңыз 550 000 теңгеден 640 000 теңгеге дейін болса, бастапқы жарна тұрғын үй құнының 20%-ын құрайды;
  • Бағдарлама бойынша сатып алынатын тұрғын үйдің максималды құны 30 млн теңгеге тең;
  • Несие бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеме 14,4% (СЖТМ 15,4%-дан бастап) және алдағы уақытта 3,5%-5%-ға (СЖТМ 3,6%-дан) дейін төмендейді;
  • Несие мерзімі 6 айдан 25 жылға дейін;
  • Баспананы алғашқы және қайталама нарықтан таңдауға болады;
  • Пәтерді жөндеуге берілетін несие көлемі - 3,7 млн теңгеге дейін.

"Ұмай" ипотекасына кімдер қатыса алады?

Өтінішті ҚР-ның 18-ден 65 жасқа дейінгі жұмысы бар және ресми кірісі бар барлық әйелдер қатыса алады. Маңызды фактор - әйел жұмыс жасауы керек. Декреттегі және жұмыссыз әйелдер ипотекаға қатыса алмайды.

Қазақстанда қанша әйел жұмыс істейді?

"Ұмай" ипотекасына қатысушының кірісі қанша болуы керек?

Әйелдің немесе күйеуі екеуінің (күйеуі+әйелі) максималды кірісі налог шегерілмегенде 640 мың теңгеден аспауы керек. Нақты соманы білу үшін одан зейнетақы жарнасы - 64 мың теңгені, жеке табыс салығы - 52 мың теңгені, МӘМС жарнасы - 12 мың теңгені аламыз. Сол кезде 512 мың шығады. Яғни, қолға алатын таза кіріс осы сомадан аспауы керек. Бұл табысыңыз осындай болу керек деген сөз емес, бастысы осыдан аспау керек.

Ал егер жалақыңыз жетпесе, екі адамға дейін қосалқы қарыз алушы (созаемщик) тарта аласыз.

Бұл бағдарламада кірістің минималды сомасы жоқ. Кез келген ипотекадағы секілді бұл бағдарламада да банк кірісті есепке ала отырып, төлем қабілеттілікті бағалайды: отбасы құрамы, балалар саны, тамақтану шығыны, коммуналды төлемдер, басқа кредиттер және т.б нәрселер ескеріледі.

Кімдер қосалқы қарыз алушы бола алады?

18-65 жас аралығындағы ҚР тұрғындары кепілгер бола алады. Оның соңғы 6-12 айдағы кірісі есепке алынады. Банк кепілгерге кандидатураны мақұлдауы керек. Ол туысыңыз, достарыңыз немесе таныстарыңыз болуы мүмкін.

Біреуге гарант боларда не білу керек? Заңгер жауабын оқыңыз.

"Ұмай" ипотекасына қатысу үшін "Отбасы банкінде" депозит болуы керек па?

Бұл ипотекаға қатысарда "Отбасы банкінің" депозиті болуы міндетті емес, бірақ оны кредитті рәсімдеу кезінде ашу керек болады.

"Ұмай" ипотекасына өтінім қабылдау қашанға дейін созылады?

Оның аяқталуының нақты мерзімі жоқ. Мысалы, 2021 жылы 8,4 млрд теңге көлеміндегі бірінші транш игеріліп, 954 несие берілген болатын. 2022 жылы 14 млрд теңге көлемінде екінші транш қабылданып, 1120 несие рәсімделді. Ал биыл 15,6 млрд теңге бөлінді. Ипотекаға өтініш қабылдау осы сома игерілгенге дейін созылады. 

Өтініш беру үшін банк бөлімшелеріне немесе банктің кеңес беру орталықтарына баруға болады. Сондай-ақ otbasybank.kz порталында онлайн тіркелуге болады.

Ескерте кетейік, "Алматы жастары" бағдарламасы бойынша да өтінім қабылдау басталатынын жазған болатынбыз. Оның шарттарын мына жерден оқи аласыздар.

А. Жапатова