Стендапер-әзілкеш Жансая Мұратбекова өзінің инстаграм-парақшасында декретте отырған аналар жайлы сөз қозғады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Байқайсыздар ма, декретте үйде бос отырсың ғой, бірдеңемен айналыспайсың па дейтін туыстар болады. Сосын интернетте "декретте бос отырсыз ба, онда мына курсты сатып алыңыз" деген эксперттер шығып алған. Сіздерге декреттегі аналар бос отыр деп кім айтып жүр? Кім? Менің ойымша, соны айтқан адамды қинап, декретке отырғызып қою керек. Сосын көрейік, баламен бос отыра ала ма екен?! Оған қоса, құдалық болса, "бәрібір баламен үйде не істеп отыр дейсің, пісірмелер пісіріп әкелсін, соған айтайық" дейді. Осылай бәрін бізге итере салады. Біз үйде бос деп кім айтып жүр? Біз үйде аспаз, бала күтуші, жартылай мұғалім, жартылай дәрігер, оған қоса өзің ауырмауың керек және оған ақша төленбейді. Сондай-ақ тәуліктеп жұмысқа шығатын күзетші ұқсап, ұйқың да қанбайды. Осының бәрінен бөлек сен адал жар, ибалы келін, аяулы ана болып отыруың керек. Ренжімеңіздер, бірақ мен мына мамандықтың бәрін меңгере алмайды екенмін. Сондықтан басымды ауыртпаңыздар. Құлап қалмай, аман-есен жүргенімізге рахмет айтыңыздар. Қайталап айтамын, мен декретте бос отырған жоқпын", - дейді Жансая Мұратбекова.
Желі қолданушылары оның сөзін қолдап, өз ойларымен бөлісіп, жалғастырды.
"Балаларды балабақшадан шығарып алсайшы, ақыры бос отырсың ғой, ақшаларыңды үнемдейсіңдер дейді", "Болды жинақтал, есіңді жи, бала бірге толады дейді ғой. Бірге толған бала өз тамағын өзі істеп, ішіп, көтенін өзі сүртіп, шаруасымен кете беретіндей", "Сендей кезімізде бәріне үлгеретінбіз, баланы да туып, сиыр сауып, ата-ене бағып дейтіндер ше", "Декреттен жұмысқа шығып, демалып жүргендер біргеміз", "Соны айтамын, әжетханаға да балаларыммен бірге кіріп-шығамыз", "Бәрін қойыңызшы, сәл колың тиіп телефон қарап қалғаныңды көрсе, "қашан көрсек те, телефон қарап отырасың" дей ме" және т.б.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!