ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев Massaget.kz ақпараттық порталына берген эксклюзив сұхбатында "Декретке миллионмен" атты даулы курсына қатысты пікір білдірді.
2024 жылы мемлекеттік органдар декреттік төлемдерді заңсыз көбейту фактілерін анықтап, 113 әйелге қатысты 16 қылмыстық іс қозғалды. Бұл істер Ақтөбе, Алматы, Абай, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында тіркелді. Тергеу мәліметіне сәйкес мемлекетке келтірілген шығын - 158 миллион теңге.
Қоғамда бұл дауға байланысты Дәулет Мұқаевтың аты жиі аталып, жауапкершілік мәселесі көтеріліп келеді. Осыған орай депутат сұхбат барысында өз көзқарасын ашық жеткізді.
"Мені сотқа беріп жатқан немесе маған тікелей шығып жатқан адамдар жоқ. Үлкен аудиторияда, қазақ тілді аудиторияда оқырманым, дәулетті армиям көп болғаннан кейін мүмкін Дәулет шығарды деген пікір қалыптасқан, Дәулет қана үйретті деген секілді. Жоқ, менің де алдымда "Декретке миллионмен" деген тақырыпта көп адам жүргізіп жүрді. Қазірде де көп. Бұл жердегі нәрсе, менің сабағыма қатысқан адамдарға былай деп айтылған: "Өтірік ИП ашпаңдар, ертең жауап бересіңдер". Тіпті дінмен де байланыстырып айтқанмын. Бұл жерде адам қалай пайдаланады, мәселе сонда болып тұр", - деді Дәулет Мұқаев.
Сұхбат барысында ол "оптом тұсаукесер", "ауызға түкіру" секілді резонансты оқиғаларға, депутаттық жұмысына және қабылданған заңдардың кемшіліктері мен жаңалықтарына қатысты да ашық пікір білдірді.
Сұхбаттың толық нұсқасын Massaget.kz YouTube арнасынан көре аласыздар.
"Декретке миллионмен" курсы туралы не білеміз?
Курстың мақсаты мен мазмұны
2020 жылы карантин кезінде Дәулет Мұқаев әйелдерге арналған "Декретке миллионмен" онлайн курс жобасын іске қосты. Курстың негізгі мақсаты – болашақ аналарға декреттік төлемдерді заң шеңберінде арттыру жолдарын үйрету. Бастапқыда курс құны 3000 теңге болса, 2022 жылы ол 4000 теңгеге дейін өсті. Сабақтар Dauletten мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді болды.
Танымалдығы мен ықпалы
Курс TikTok пен Instagram секілді әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, мыңдаған қолданушының назарына ілікті. Көптеген әйел жеке кәсіпкерлік (ИП) ашып, жоғары табыс тауып, декреттік төлем көлемін көбейту жолын таңдады. Бұл тәжірибе инфотренерлер мен бухгалтерлер арасында да трендке айналды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz